UFC-тің жартылай орта салмақтағы бұрынғы чемпионы Белал Мұхаммед (24-5-0-1) келесі қарсыласының кім екені белгілі болды. Ол желтоқсан айында еркін күрес ережесі бойынша жекпе-жек өткізеді.
20 желтоқсан күні АҚШ-тың Индиана штаты, Фишерс қаласында өтетін RAF Wrestling промоушенінің турнирінде Белал Мұхаммед 26 жастағы америкалық Дэвид Каррмен белдеседі. Карр – 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы еркін күрестен әлем чемпионы. Сонымен қатар, ол өткен жылы Таразда өткен Дінмұхамед Қонаев атындағы халықаралық турнирдің финалында қазақстандық Егор Анчугинді жеңіп, чемпион атанған еді.
Айта кетейік, Белал Мұхаммед бір апта бұрын UFC-де қатарынан екінші рет жеңіліп, ирландиялық Иэн Гэрриге (17-1) төрешілер шешімімен есе жіберді. Оған дейін, жарты жыл бұрын, ол чемпиондық белбеуден айырылып, австралиялық Джек Делла Маддаленаға ұтылған болатын.
2024 жылғы желтоқсанда және 2025 жылғы мамырда Мұхаммед пен қазақстандық Шавкат Рахмонов (19-0) арасындағы титулдық жекпе-жек екі рет өтпей қалған еді. Алғашқы жағдайда Белал жарақатына байланысты кездесуден бас тартса, кейін Шавкат денсаулығына байланысты жекпе-жекке шыға алмады.
