Бүгін Алматының «Қайрат» футзал клубы 2025/26 жылғы маусымдағы УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіндегі шешуші матчын өткізеді.
Бұл ойында алматылықтар Косовоның «Приштина» командасымен кездеседі. Кездесу Астана уақытымен сағат 21:00-де басталады. Тікелей эфирді Qazsport телеарнасынан және ресми сайттан көруге болады.
Барлық ойындар Хорватияның Макарска қаласында өтіп жатыр. Бұл топта «Қайрат» пен «Приштинадан» бөлек, «Ново Вриеме» (Хорватия) және «Спортинг» (Португалия) клубтары да өнер көрсетуде.
Алғашқы турда «Қайрат» алаң иелері – «Ново Вриемені» 3:2 есебімен жеңсе, «Приштина» «Спортингтен» 1:19 есебімен ойсырай ұтылды. Екінші турда алматылықтар португалиялықтардан 2:7 есебімен жеңіліп қалды, ал «Приштина» күтпеген жерден хорват клубын 7:6 есебімен тізе бүктірді.
Қазір екі командада да 3 ұпайдан бар. Топ көшбасшысы — «Спортинг» (6 ұпай), ал «Ново Вриеме» әзірге ұпайсыз соңғы орында тұр. Бұл топтан Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне ең үздік үш команда жолдама алады. Сондықтан бүгінгі «Қайрат» – «Приштина» кездесуі шешуші болмақ. Жеңіс қазақстандық клубқа келесі кезеңге өтуге кепілдік береді.
Айта кетейік, осы кезеңде Қазақстанның тағы бір өкілі — «Семей» де бақ сынап жатыр. Команда 29 қазанда Чехияның «Хрудимін» 9:5 есебімен ұтып, кейін Францияның «Этуалінен» 3:4 есебімен жеңілді.
Бүгін «Семей» Чемпиондар лигасының қазіргі жеңімпазы — Испанияның «Пальма» клубымен кездеседі. Матч Астана уақытымен 23:30-да басталып, Qazsport арнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
