УЕФА жастар Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі алтыншы турда алматылық «Қайрат-Жастар» жанкүйерлерін қуантты. Өз алаңында грекиялық атақты «Олимпиакосты» қабылдаған қазақстандық команда сенімді ойын көрсетіп, 2:0 есебімен жеңіске жетті.
Матчтың тағдыры алғашқы минуттарда-ақ айқындала бастады. 4-минутта Рамазан Бағдат есеп ашса, екінші таймда Мұхамедали Әбіш 57-минутта басымдықты нықтай түсті.
Бұл жеңістің арқасында «Қайрат-Жастар» төрт ұпайға қол жеткізіп, турнирлік кестеде 28-орынға көтерілді.
Айта кетерлігі, кездесуге дейін «Олимпиакос» айқын фаворит ретінде бағаланған. Өйткені грекиялық ұжым былтыр УЕФА Жастар Чемпиондар лигасының жеңімпазы атанған болатын.
