UFC-дің жеңіл салмағында өнер көрсететін қазақстандық жауынгер Бекзат Алмахан (12-2) испандық, тегі грузин спортшы Александр Топуриямен (6-1) өтетін алдағы жекпе-жегі жайында пікір білдірді.
28 жастағы файтер қазір АҚШ-та екенін, мұнда ол толықтай жаттығу мен өз-өзін жетілдіруге көңіл бөліп жатқанын айтты. Сонымен қатар Алмахан әлемнің үздік лигасында чемпион атану жөніндегі мақсатын да ашық жеткізді.
Мен АҚШ-қа тек жаттығу жасап, өзімді дамыту үшін келдім. American Top Team залында тамаша спортшылар бар – спарринг-серіктестер, бапкерлер. Олардың әрқайсысынан жаңа нәрсе үйреніп, тәжірибе жинап жүрмін. Басты мақсатым — өсу, тоқтап қалмау. Мен осында тек бір мақсатпен келдім — болашақта UFC чемпионы болу үшін. Қазір Қазақстанда көп болмаймын, бар назарым дайындық пен жаттығуда, — деді Алмахан испан журналисі Энрике Хименомен сұхбатында.
Александрдың інісі — Илия Топурия (17-0) — UFC-дегі барлық салмақ дәрежелері бойынша үздік файтер (№1 P4P) әрі жеңіл салмақтың чемпионы. Алайда қазақстандық спортшы қарсыласының атына мән бермейтінін атап өтті.
Мен оның атымен емес, адаммен жекпе-жекке шығамын. Маған кім қарсы шықса да мен фамилиямен емес, тұлғамен айқасамын, — деді Бекзат.