«Қайрат» клубының шабуылшысы Дастан Сәтпаев УЕФА Чемпиондар лигасы аясында «Пафос» клубына қарсы (0:0) өткен ойыннан кейін матч туралы пікір білдірді. Сондай-ақ ол кипрлік команданың басты жұлдызы — аты аңызға айналған бразилиялық қорғаушы Давид Луиспен өткен дуэль жайлы әсерін айтты.
Шынымды айтсам, Чемпиондар лигасындағы барлық қорғаушылар мықты. Ал Давид Луис — тәжірибелі, үлкен тарихы бар футболшы. Онымен ойнау оңай болған жоқ. Кей сәттерде төреші байқамай қалғанда мені ұстап та қалып жатты (күліп). Бірақ бұл да тәжірибе. Осындай ойындар арқылы өсеміз, үйренеміз, — деді Сәтпаев.
Ол сонымен қатар қарсылас командалардың қазір Қайрат ойынын мұқият зерттеп, талдау жасап, арнайы тактикалық тапсырмалармен шығатынын атап өтті.
Олар біздің ойын мәнерімізді зерттеп, жеке әрекеттерімізге де дайындалып келеді. Сондықтан біз де өз тактикамызды түрлендіріп, күтпеген шешімдер қабылдауымыз керек, — деді ол.
Футболшы қарсылас команда 10 ойыншымен қалған сәтте «Қайрат» өз мүмкіндігін пайдалана алмағанына өкініш білдірді.
Әрине, өкініш бар. Себебі қарсылас аз құраммен ойнады, ал біз міндетті түрде жеңуіміз керек еді. Бірақ бұл — жоғары деңгейдегі жарыс, мұнда қателік кешірілмейді. Сол себепті өз ойынымызды саралап, кемшіліктерімізді түзетеміз деп ойлаймын, — деді Дастан Сәтпаев.