Сербияның Нови-Сад қаласында өткен 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында әйелдер күресінен қазақстандық балуан Шұғыла Өмірбек чемпион атанған болатын. 55 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен түркістандық спортшы финалда түрік балуаны Туба Демирді 12:8 есебімен жеңіп, ел мерейін үстем етті.
Әлем чемпионын Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қабылдап, құрмет көрсетті.
Сіздерді тарихи жеңіспен құттықтаймын! Бұл тек Шұғыланың емес, тұтас еліміздің және Түркістан өңірінің жеңісі. Мұндай жетістік – табандылық пен тынымсыз еңбектің нәтижесі. Сонымен қатар бұл жеңіс облыста спорт инфрақұрылымын дамыту мен жас таланттарды қолдау бағытындағы жүйелі жұмыстың жемісі. Алдағы уақытта да спортшыларды қолдау – біздің басты міндетіміз. Енді бұл жеңіс жолы Олимпиадада жалғасады деп сенемін, – деді Нұралхан Көшеров.
Әкім Шұғыла Өмірбекке алғыс хат пен автокөліктің кілтін табыстады. Сонымен қатар чемпионның жеке бапкері Нұржігіт Ерімбетов алғыс хат және қаржылай сыйақы алды. Ал Әбдісалан Нұрмаханов атындағы спорт мектебінің директоры Дәурен Тәңірбергенов те марапатқа ие болды.
Өз кезегінде Шұғыла мен оның бапкері көрсетілген қолдау үшін облыс басшылығына алғыс айтып, ендігі мақсаттарының Олимпиада ойындарына қатысып, жаңа биіктерге жету екенін жеткізді.
Айта кетсек, Түркістан облысында күрестің түрлі бағыттары, соның ішінде әйелдер күресі қарқынды дамып келеді. Соңғы жылдары өңірдің балуан қыздары Азия чемпионаттарында 17, ал әлем біріншіліктерінде 5 медаль жеңіп алған.
