DAR team жекпе-жек командасының бас бапкері Эдуард Базров жартылай орта салмақтағы қазақстандық файтер Шавкат Рахмоновтың (19-0) ықтимал қарсыласы туралы пікір білдірді.
– Сіз жоғары деңгейлі қарсыластар туралы айтасы, ал ол салмақта Камару Усманнан басқа ешкім қалмаған сияқты ғой.
Иә, Усманмен бізде бір тарих бар. Бір кезде бұл жекпе-жек жайлы әңгімелер болған, Усман дайындалып жүрді, біз де соған дайындалған едік. Бірақ Құдайдың қалауымен бұл кездесу өтпей қалды. Қазірше UFC тарапынан ешқандай ұсыныс немесе қарсыласқа қатысты ишара болған жоқ. Дегенмен, логикаға салсақ, келесі қарсылас Усман болуы әбден мүмкін, – деді Базров SarbazPodcast YouTube арнасына берген сұхбатында.
Еске сала кетейік, Шавкат Рахмонов соңғы рет өткен жылдың желтоқсанында октагонға шыққан болатын. Сол кезде ол бес раундтық тартысты жекпе-жекте ирландиялық файтер Иэн Гэрриді (16-1) төрешілердің бірауыздан шыққан шешімімен жеңген. Сол кездесуден кейін қазақстандық спортшы жарақат алып, осы уақытқа дейін емделіп жүр. Оның октагонға қайта оралуы 2026 жылдың басында жоспарлануда.
Ал Камару Усман (21-4) биылғы 14 маусымда америкалық Хоакин Баклимен (21-7) жекпе-жек өткізіп, отандасын ұпай санымен жеңген болатын. Айта кетейік, Усман – UFC-дің бұрынғы жартылай орта салмақ чемпионы.
