1989 жылдың 22 наурызы. «Баффало» мен «Сент-Луис» арасындағы ойынның аяқталуына шамамен 5 минут қалған. Соңғы сәттерде гол жіберіп алмауды көздеген айдын иелерінің қорғаушысы Уве Крупп қақпаға қарай оқтай ұшып келе жатқан шабуылшы Стив Таттлмды ұстап қалуға тырысқанымен, арада бірер секундтан соң екеуі де «Клинктердің» қақпашысы Клинт Маларчукке келіп соқтығысады. Сол сәтте конькидің жүзі Маларчуктің мойнын кесіп кетеді.
Жұрт аң-таң. Үнсіздік. Қансыраған қақпашы лезде шлемін шешеді. Айдын жиегінде тұрған дәрігер де құстай ұшты. Себебі, атқылаған қанды небәрі 2 минут 16 секундтың ішінде тоқтатып үлгеру керек. Бұлай дейтініміз, осы уақыт аралығында адам денесіндегі 40 пайыз қанын жоғалтады екен. Ал қалған 60 пайызбен аман қалу мүмкін емес.
«Көз алдыңда оқыс жағдай бола қалса, адам басын кері шегереді. Бұл – рефлекс. Мен де солай істедім. Сол сәтте коньки мойнымды тіліп кетті. Қанды көргенде күретамырдың кесілгенін түсіндім. Төрешінің «тездетіп зембілді алып келмесеңдер, ол өледі» деп айқайлағанын естідім», – деп еске алады сол қайғылы оқиғаны Маларчук.
Клинт Маларчук 1961 жылдың 1 мамырында Эдмонтонде дүниеге келген. Бірақ балалық шағы бақытты болды дей алмайсың. Себебі, болашақ қақпашының әкесі күнделікті ішіп келіп әйелін, бала-шағасын таяқтың астына алып, үйдің де астаң-кестеңін шығаратын. Сондықтан канадалық бүлдіршіндер үшін әдетте көңіл көтеретін ойын түрі саналатын хоккейден Маларчук жұбаныш табатын. Тиісінше уақытының басым бөлігін де сол мұзайдында өткізетін.
Арада жылдар өтіп Клинттің анасы сотқа ажырасу туралы өтініш береді. Қарыздарынан құтылу үшін үйдегі жиһаздарды түгелдей сатса, Клинт шыны бөтелке өткізіп ақша табады. Сөйтіп жүріп өзіне алғаш рет қақпашы конькиін де сатып алды. Бұл оның Ұлттық хоккей лигасы жолындағы бірінші қадамы болатын.
Бірақ бұл жолда біздің кейіпкерді талай кедергі күтіп тұрды. Соның бірі – тізе шеміршегіндегі болмашы жарақат. Жарақаттың мұндай түрі хоккейшілер үшін қалыпты. Алайда Клинт ауруын асқындырып алып, дәрігерлер оған остеомиелит деген диагноз қояды. Қабыну сүйекке жетсе, емнің бірде-бірі көмек бермейтіні анық. Мұндайда тек жалғыз жол бар – аяққа ампутация жасау.
Қырсық шалғандай дәрі-дәрмектің де еш пайдасы тимей қойды. Өрімдей жігітті мүгедекке айналдырмауға әрекеттенген дәрігерлер соңғы рет антибиотиктің күшін байқап көру туралы шешім қабылдайды. Абырой болғанда, бұл жолы ем нәтиже беріп, Маларчук аяққа тұрады.
Осыдан соң жеткіншектің құлшынысы арта түсіп, хоккей биігін бағындыруға кіріседі. Алдымен «Портлендтің» жастар құрамасына ілігеді, артынша «Квебек» скауттарының көзіне түседі. Бірде Америка хоккей лигасында, бірде Ұлттық хоккей лигасында өнер көрсетіп жүріп, ақыры «Нордикс» сапында ҰХЛ-нің маңызды ойыншыларының біріне айналды.
Бұл лигада жарық жұлдызға айнала алмаса да, әр маусымда тұрақты түрде 40-50 матч өткізетін. 1987 жылы ол Рандеву-87 аясында КСРО құрамасымен өтетін сериялы қос ойында Канада сапына да шақыртылған. Тек Виктор Тихонов, Вячеслав Фетисов, Зинэтула Билялетдинов пен Вячеслав Быковтерге қарсы екі матчта да үйеңкі жапырақтылар қақпасын Грант Фюр қорғады.
Соған қарамастан Маларчукке қызығушы клубтар азайған жоқ. Дәл сол жылы ол «Вашингтонның» ұсынысын қабыл алып, астаналықтардың негізгі қақпашысына айналса, араға бір маусым салып «Баффаломен» келісімшарт жасасты. Соңғы кездері жеңілістен көз ашпай кеткен бұл клуб үшін Клинт құтқарушы күш болғаны сөзсіз. Жеті матчта 38 шайба өткізіп алған Жак Клотьенің орнын басқан Маларчук бес кездесудің үшеуінде жеңіске жетіп, басшылықтың үмітін ақтайды.
22 наурызда ол «Сент-Луиске» қарсы ойынға өзіне сенімді шыққан. «Баффалоның» да аяққа тік тұра бастаған кезі. Ендеше қарсыласты қалай да жеңу керек.
Тартысқа толы кездесуді күткен ойыншылар да, басшылық пен жанкүйерлер де жағдайдың дәл осылай өрбитінін білген жоқ. Келеңсіз жайтты еске алған комментатор Джон Скакуш:
«Крупп және Таттлмен соқтығысқан Маларчук тізерлеп отыр. Ал бетпердесін шешкенде оның өмірі қыл үстінде екенін байқадық. Жанкүйерлер абыржып қалды. Денеме құдды мұздай су құйғандай күй кештім. Сонда оны құтқару үшін ешқайсымыз ештеңе істей алмаймыз ба деген ойлар жанымды жегі құрттай жеп жатты», – дейді.
Байбаламға салынбаған жалғыз адам болса, ол – «Баффалоның» дәрігері, Вьетнамдағы әскери қақтығыстардың ардагері Джим Пиццутелли. Небәрі 14 секундта Маларчуктің қасынан табылған Пиццутелли көктамырды байлап, Клинтті өзге дәрігерлер күтіп отырған киім ауыстыру бөлмесіне алып кетеді.
«Сент-Луиспен» ойынды анам көріп отырғанын білетінмін. Мән-жайды түсінген бойда айдыннан кеткім келді. Анамның менің көз жұмғанымды көргенін қалаған жоқпын. Айналамдағы жігіттер де сұп-сұр боп кеткен. Дін қызметшісін шақыртып, анама оны қаты жақсы көретінімді жеткізіңіздерші деп өтініш жасадым», – дейді Маларчук.
Ауруханада Маларчуктің жарасын тігіп біткенше ол денесіндегі қанының үштен бірін жоғалтқан. Егер конькидің жүзі 3 милиметрге жоғары тигенде, Клинт стадионда-ақ бақилыққа аттанып кетеді екен.
«Шығатын есікке қарсы бетте тұрса да оны аман алып қалу мүмкін болмайтын», – дейді дәрігерлер.
Жолы болған жігіт ертеңіне-ақ үйіне аттанса, араға 11 күн салып айдынға оралды.
Клинтті көрген жанкүйерлер жан-жақтан қиқулап қоя берді. Құдды батырға қошемет көрсеткендей. Бір қарағанда, денсаулығы толық қалыпқа келіп, спортсүйер қауымның тарапынан да ықыласқа бөленген Маларчук үшін жаңа өмір басталғандай еді. Десек те сол күнгі жарақаттың өзі жазылса да, салдары тым тереңдеп кеткен болатын.
«Көзімді жұмсам болды өзімді тура буындырып жатқандай сезінетінмін. Қорқынышты түстерден шошып оянып, тамағымды ұстайтынмын». Бұл үрейдің бәрінен Клинт бастапқыда дәрілердің көмегімен, кейіннен спирттік ішімдік арқылы құтылмақ болады. Ал мұның соңы карьерадағы құлдырауға әкеп соққанын аңғару қиын емес. Енді психологиялық проблемалар кәсіби спорттағы сәтсіздіктерге ұласа бастады.
1992 жылдың қаңтарында қақпашы қатты суықтап қалып, үйде ем қабылдаймын деп шешеді. Супербол матчын тамашалап отырып суыққа қарсы, одан қалды ауруды басатын бірнеше дәріні қабылдаған соң, артынша бес литрге жуық сыра ішеді. Есін жиса, тағы да ауруханада жатыр. Тынысы үзіле бастаған хоккейшіні ақхалаттылар құтқарып қалыпты. Бұл оның ҰХЛ-дегі карьерасының соңы еді.
Сөйте тұра ол хоккейден қол үзген жоқ. 1992 жылы Интерұлттық хоккей лигасындағы (мұндай лига бүгінде жоқ) «Сан-Диегомен» келісімшарт жасасып, артынша «Лас-Вегасқа» ауысады да, жаңа жерде жылқы шаруашылығымен айналысамын деп ранчо сатып алады.
Өткеннің бәрі ұмыт болып, өмір қалпына келе бастағандай. Клинт айдынға да шығып, жылқы бизнесін де дамытып жүрді. Осы аралықта оған «Бостоннан» ұсыныс түседі. Дегенмен 33 жастағы қақпашы бұрынғы бабына ене алмасын білді, әрі психологиялық қысыммен күрес тағы бар. Осылайша ол тек 1996 жылы, карьерасын аяқтаған соң ғана «Флориданың» бапкерлерін жаттықтыруға келіседі.
2006 жылы Клинт конькимен сырғанаудан нұсқаушы болып жұмыс істейтін Джоаннамен көңіл қосып, төртінші рет шаңырақ көтерді. Сырт көзге бақытты көрінген Маларчуктың жағдайы күннен-күнге ушыға берді. Өз-өзіне қол жұмсау туралы ой да маза берер емес. Ішкі күйзелістен өлім ғана құтқаратындай көрінетін. Ол бұл арпалысты алкогольмен де, дәрі-дәрмектің күшімен де тұншықтыруға тырысты. Ішімдікке әуестеніп алғаны соншалық, барда кім көрінгенмен жаға жыртысып, талай рет полиция кеңсесінен бір-ақ шыққан. Амалы құрыған жұбайы Джоанна мен досы Рик Дадли Клинтті клиникаға жатқызғанымен, ол көп ұзамай-ақ ол жерден қашып кетеді. Осылайша мәжбүрлі ем бірнеше жылға созылды.
«Баффаломен» болған ойында тағы да хоккейшінің тамағы кесілді». Бұл – 2008 жылдың 11 ақпанында АҚШ-та шыққан газеттердің басым бөлігіндегі тақырып. Содан бір күн бұрын «Флорида» ойыншысы Олли Йокиненнің конькиі командалас әріптесі, шабуылшысы Рихард Зедниктің тамағын тіліп өткен. Бұл жолы да шабуылшы аман қалды. Тек осы жаңалықтан соң Лас-Вегастың түбінде жүрген Маларчуктің төзімі таусылады. Қорқынышты түстер қайта күн санап шынайы өмірге айналып бара жатқандай көрінеді.
Дәл осындай халде Маларчук 2008 жылдың қазанында қоян аулаймын деп кетіп, сол жерде мылтықты иек тұсына тақаған күй шеріппені басып қалады. Таңқаларлығы, өлім деп аталған қарсыласты ол бұл жолы да жеңіп шықты. Иекті тесіп өткен оқ тістен кері кетіп, маңдайда тұрып қалған. Денсаулыққа да айтарлықтай зақым келмепті. Қансыраған күйі Маларччук қалаға оралады.
Бүгінде Клинт «Калгари» бапкерлерін жаттықтырып жүр. Джоанна да қасында. Алкогольден біржола қол үзген. Дәрігерге тұрақты қаралып, олардың айтқандарын түгел орындайды. Тек бойында әлі де күйзеліс белгілері бар. Ендеше осыдан 29 жыл бұрын пайда болған іштегі қара күшпен күрес жалғасып келеді деген сөз.