Тәжікстан астанасы Душанбеде дзюдо күресінен Grand Slam турнирі аяқталды. Қазақстан спортшыларына тағы да алтын бұйырған жоқ.
Душанбеге әлем мықтыларының көбісі қатыспады. Қазақстанның бірнеше дзюдошылары жарыс фавориті болып тіркелді. Солардың бірі – Мағжан Шамшадин еді. Ол жарақатына байланысты алты айлық үзілістен кейін татамиге оралып, финалға дейін жетті.
Отандасымыз іріктеуде Мұхаммад Махмадизоданы (Тәжікстан), Анджело Пантаноны (Италия) жеңіп, С тобынан шықты. Ал жартылай финалда Изнаур Сааевтың (Ресей) осал тұсын тапты. Ақтық айқаста жарыс қожайыны Мұхаммедсолех Кубатовқа жол берді. Қола медаль Изнаур Сааев пен Хайато Кондоның еншісінде кетті.
Бұл Шамшадиннің Үлкен дулыға санатындағы жарыстарда алған төртінші жүлдесі.
Ол былтыр маусымда Астанада алғаш рет өткен Qazaqstan Barysy Grand Slam-да алтыннан алқа таққан. Ал Тель-Авивте (2022 жылы) және Тбилисиде (2023 жыл) қола жүлдеге қол жеткізген.
Осы салмақтағы тағы бір спортшымыз Нұрқанат Серікбаев алғашқы белдесуінде жапон палуаны Хайато Кондоға жол берді.
Жарыстың екінші күні 73 келі салмақта белдескен Дархан Қойбағар қола медаль алды. Кіші финалда олимпиадалық рейтингте 30-орында тұрған моңғолиялық Ерденбаяр Бацаямен белдесіп, қосымша уақытта жеңіске жетті.
Әлемдік рейтингте алғашқы жүздікке де енбейтін Дархан Қойбағардың әлемдік Grand Slam-де алған алғашқы жүлдесі.
Қазақ балуаны іріктеу кезеңдерінде Өзбекстан, Оңтүстік Корея және Моңғолия балуандарынан басым түсіп, жартылай финалда швейцариялық қарсыласына жол берді.
Әсіресе, кореялық балуанмен белдесуі драмаға толы болды. Қарсыласы иппон әдісімен жасағанымен, төрешілер басы жерге тиді деп шешім қабылдап, оған шидо берді. Сөйтіп, Қойбағар ширек финалға өтіп кеткені бар.
Екінші қола медаль 81 келіге дейін белдескен Абылайхан Жұбаназардың еншісінде.
Ол қола жүлде үшін тартыста чехиялық Адам Копецкиді иппонға түсіріп, мерзімінен бұрын жеңді.
Осылайша, Жұбаназар әлемдік турнирдің жүлдегері атанып қана қоймай, олимпиадалық рейтингте маңызды ұпайға қол жеткізді.
Басқа дзюдошыларға келсек, Нұрлыхан Шарқан, Ислам Бозбаев, Ерасыл Қажыбаев сияқты еліміздің үздік дзюдолары ерте сүрінді. Карьерасын аяқтап, осы жарыстың алдында татамиге оралған Дидар Хамза ширек финалға дейін жетті.
Жарыстың соңғы күнінде әйелдер арасында 78 келіден жоғары салмақта күрескен Камила Берліқаштың қола жүлдеге мүмкіндігі болған. Бірақ польшалық балуандармен белдесуі сәтсіз аяқталды.
Ол алдымен жартылай финалда Кинга Волчакқа есе жіберсе, кіші финалда оның отандасы Урсула Хофманнан ұтылды.
Сөйтіп, ұлттық құрама алғашқы екі күндегі 1 күміс, 2 қоламен қайтты. Жүлдегерлер Мағжан Шамшадин (60 келі) – күміс, Дархан Қойбағар (73 келі) және Абылайхан Жұбаназар (81 келі) қола медаль жеңіп алған.
Жалпы, Қазақстаннан жарысқа 18 (13 ер, 5 әйел) балуан барған.
Енді Олимпиада ойындарына ұпай беретін соңғы Grand Slam турнирі 10-12 мамыр аралығында Астанада өтеді.