Beksports спорт порталы
ЖаңалықтарСараптамаФутбол

Чемпиондар лигасындағы алғашқы ұпай қалай бұйырды?

"Қайраттың" баспасөз қызметі

UEFA Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіндегі үшінші турда «Қайрат» (Алматы) өз алаңында Кипрдің «Пафос» командасымен кездесті. Матч 0:0 есебімен тең аяқталды.

Бұл нәтиже –  Қазақстан футбол тарихындағы маңызды оқиға. Себебі ел клубы тұңғыш рет Еуропаның басты турнирінде ұпай еншіледі.

Кездесудің басталуы күтпеген жағдаймен өрбіді. 4-минутта кипрлік қорғаушы Жоау Коррея «Қайрат» ойыншысы Луиш Матаға қарсы дөрекі ойнап, тікелей қызыл қағаз алды. Осы сәттен кейін «Пафос» он ойыншымен қалды, ал алматылықтар толық құрамда басымдыққа ие болды.

Дегенмен, сан басымдығына сенген «Қайрат» алғашқы таймда есеп аша алмады. Бірнеше қауіпті сәт ұйымдастырылғанымен, соққылар қарсылас қақпасына тура дарымады. Ал «Пафос» керісінше, сирек қарсы шабуылдар арқылы қауіпті ойын көрсетті. Бұл сәттерде қақпашы Темірлан Анарбековтың шеберлігі командасын бірнеше мәрте құтқарып қалды.

Екінші таймда бас бапкер Рафаэль Уразбахтин алдыңғы шепті жандандыруды жөн көрді. Еркін Тапаловтың орнына алаңға шабуылшы Азамат Тұяқбаев шықты. Бұл қадам командаға жаңа серпін берді.

Алматылықтар есеп ашуға тырысты, бірақ Офри Арадтың соққысы қақпа бағанынан қайтты. Ал Дастан Сәтпаев пен Жоржиньюдың шабуылдары сәтсіз аяқталды. 73-минутта Влад Драгомир соққан доп қақпаға кіргендей болғанмен, төреші офсайд тіркеп, голды есептемеді.

Бұл ойында ең жарқын кейіпкер – қақпашы Темірлан Анарбеков болды. Ол бірнеше қауіпті сәтте командасын аман сақтап қалды. UEFA техникалық бақылаушылары да Анарбековты матчтың үздік ойыншысы деп таныды.

Ал қарсылас команда сапынан Давид Луис қорғаныстағы сенімді ойыны үшін жоғары бағаланды. Ол бірнеше рет соққыларды тосып, өз командасын қиын жағдайдан шығарды.

Матчтан соң «Қайрат» ойыншылары мен бапкерлері өз ойларын білдірді. Жартылай қорғаушы Гиорги Зария былай деді:

«Бұл өте қиын матч болды. Қарсылас сапалы команда. Біз міндетті түрде жеңуіміз керек еді, бірақ сәттілік жетіспеді. Тактикалық тұрғыдан жақсы ойнадық, енді күшімізді алдағы ойындарға жұмсаймыз».

Қорғаушы Луиш Мата да екі ұдай сезімде қалғанын айтты.

«Әрине, алғашқы ұпай – қуаныш, бірақ он ойыншымен қалған қарсыласты жеңе алмау көңілге қаяу түсіреді. Маңыздысы – жеңілмедік және қақпамызды “құрғақ” ұстадық».

Бас бапкер Рафаэль Уразбахтин әдеттегідей сабырлық танытты.

«Қарсылас өте тәжірибелі және ұйымдасқан команда. Бізге сан басымдығын пайдалану жетіспеді. Бірақ ойыншылардың ынтасы мен өз-өзіне деген сенімін атап өткім келеді. Бұл – ілгерілеудің бастауы».

Бұл тең нәтиже – «Қайраттың» Чемпиондар лигасындағы тарихтағы алғашқы ұпайы. Бұған дейін алматылықтар «Спортингке» (1:4) және «Реалға» (0:5) есе жіберген еді. Үш турдан кейін «Қайрат» бір ұпаймен 33-орында, ал «Пафос» екі ұпаймен 26-сатыда тұр.

Футбол мамандарының пікірінше, бұл ұпайдың символдық мәні зор. Ол қазақстандық клубтың тек нәтижеге емес, тәжірибе жинақтау мен еуропалық деңгейде тұрақты ойнауға бет алғанын көрсетеді.

«Қайратты» алда екі маңызды кездесу күтіп тұр. 26 қазан күні команда ішкі біріншілікте «Астанамен» чемпиондық тағдырын шешетін матч өткізеді. Ал 6 қарашада алматылықтар Чемпиондар лигасында сырт алаңда Италияның «Интеріне» қарсы ойнайды.

 

«Қайрат» (Алматы, Қазақстан) – «Пафос» (Пафос, Кипр) – 0:0

Алаңнан қуылды: Жоау Коррея, 4

«Қайрат»: Темірлан Анарбеков (Қ), Луиш Мата, ​Александр Мартынович (К), Егор Сорокин, Еркін Тапалов (Азамат Тұяқбаев, 46), Офри Арад (Рикардиньо, 90+2), Дан Глазер (Гиорги Зария, 61), Александр Мрынский, Валерий Громыко (Дамир Қасаболат, 89), Жоржиньо, Дастан Сәтпаев;

«Пафос»: Михаэл Неофитос (Қ), Костас Пилеас (Давид Гольдар, 66), Давид Луис, Деррик Лукассен, Бруно (Бруну Ланга, 90), Пепе (Ландри Димата, 79), Иван Шуньич, Влад Драгомир (К),  Мислав Оршич (Кен Сема, 79), Кина (Мон Бассуамина, 66), Жоау Коррея;

Алматы, «Орталық» стадион. 16 000 көрермен.

Ұқсас жаңалықтар

Мария Бровкова каноэде есуден әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды

Redaktor

Англияда Дастан Сәтпаевты Майкл Оуэнмен салыстырып жатыр

Redaktor

Баскетболшы жастар бақ сынады

admin_beksports

Пікір жазу