Бүгін Қазақстан кубогының 33-финалы өтеді. Бұл финал алғаш рет Қызылордада ұйымдастырылады.
Ал ел тарихында бұған дейін финалдық ойындарды Алматы, Астана, Тараз, Шымкент, Ақтөбе қалалары қабылдаған болатын.
Финалдық ойынның ерекшелігі – матчқа Швейцариядан келген Свен Вольфенсбергер қазылық етеді. Бұл маман осы маусымда жастар арасындағы Чемпиондар лигасы мен Конференция лигасының іріктеу кезеңдерінде төреші болған.
Кімге жеңіс керек?
Қазақстан чемпионатында қола жүлдеге мерзімінен бұрын жеңіп алған «Тобыл» келесі жылғы еурокубоктың жолдамасын иемденді.
Ал құрамында үлкен өзгеріс жасаған «Ордабасы» маусымды сәтсіз өткізді десек болады. Команда турнир кестесінің ортаңғы бөлігінде келе жатыр. Конференция лигасының іріктеу кезеңінде фаворит саналса да, Грузияның «Торпедосына» қос матчтың қорытындысы бойынша 4:5 есебімен масқара жеңіліске ұшырады. Егер клуб Қазақстан кубогының финалында да есе жіберсе, еурокубоксыз қалады. Білікті деп шақырылған бас бапкер Андрей Мартин жеңісті тойласа, ол үшін Қазақстандағы алғашқы кубогы болмақ.
Маусым барысында «Тобыл» мен «Ордабасы» чемпионатта екі рет кездесті. Екі ойында да Нұрбол Жұмасқалиев жаттықтыратын команда жеңіске (өз алаңында 1:0 және түзде 3:2) жетті. Ойынға қосымша қызығушылық тудырып отырған жайт — Асхат Тағыбергеннің тұлғасы. Ол биыл жылдың басында Шымкент қаласының әкімінің даулы мәлімдемесінен кейін «Ордабасыдан» «Тобылға» ауысқан болатын.
Қағаз жүзінде шымкенттіктерге жеңіс ауадай қажет болса да, Сергей Малый, Алан Диаш сынды маңызды ойыншылары финалға көмектесе алмайды. Бір қызығы, командалар 2023 жылдың финалында жолы түйісіп, қостанайлықтар 1:0 есебімен ұтқан болатын. Нәтижесінде олар еурокубокқа шықты. Ендігі жағдай керісінше болып тұр. Сол кездегі құрамнан «Ордабасыда» доп тепкен Темірлан Ерланов пен Шахбоз Умаров алдағы финалда «Тобылдың» жейдесімен алаңға шығады
33-ші кубок бәсекесіне Премьер-лиганың 14 клубы және Бірінші лига мен Екінші лиганың 16 клубы қатысып, 15 наурызда жарысты бастаған.
«Тобыл» алғашқы финалист болып, дода барысында Талдықорғанның «Жетісуін» (қосымша уақытта 1:0), түркістандық «Тұранды» (2:0) және «Жеңісті» (3:2, қос ойынның қорытындысы) ұжымынан басым түсті. Араға 2 жыл салып, Нұрбол Жұмасқалиевтің шәкірттері шешуші ойында қайта кубокқа таласады. Бұл қостанайлықтардың тарихындағы 5-ші финал және 2007 мен 2023 жылдары топ жарған.
Екінші тараптан Шымкенттің «Ордабасы» клубы финалға дейін қарсылас шыдатпады. Олар жарыс жолында Алматының «Хан-Тәңірін» (2:0), Қазақстан чемпионы «Қайратты» (1:0), Петропавлдың «Қызылжарын» (1:0, қос матчтың қорытындысы) жеңді. Шымкенттіктер үшін де бұл финалдағы бесінші матчы болмақ. Олар өз тарихында 2011 және 2022 жылдары кубокты бастарына көтерген.
Айта кетейік, Қызылорда қаласындағы «Kaysar-Arena» стадионның сыйымдылығы 11 000 адамды құрайды. Қазақстан кубогының финалистеріне қаржылай сыйақы беріледі. Ал жеңімпаз 2025 жылғы Қазақстан Суперкубогы мен еурокубоктық бәсекенің іріктеу кезеңіне қатысуға мүмкіндік алады. Финалдық матчтың тікелей эфирі Qazsport телеарнасынан көре аласыздар.
«Ордабасы» мен «Тобыл» арасындағы тартысты ойын бүгін, 4 қазан күні кешкі 19:00-де өтеді.