Beksports спорт порталы
БоксЖаңалықтар

«Басқа боксшыларға көлік, пәтер беріп жатыр». Төрехан Сабырхан ренішін айтты

Танымал жас боксшы Төрехан Сабырханның Түркістан облысы құрамасынан кетуіне байланысты туындаған жағдайға оның жеке бапкері Ілияс Оралбеков түсініктеме берді. Ол бұл туралы «Küngei.kz» YouTube арнасына берген сұхбатында айтты.

«Әлем чемпионы болса да, марапатталмады» – бапкердің пікірі

Бапкердің айтуынша, шәкірті жылдар бойы жоғары нәтижелер көрсеткенімен, тиісті марапат пен қолдау көрмеген.

«Бізде Бауыржан есімді досымыз бар, ол бізді Оралға шақырды. Сол кезде Төрехан әлем чемпионы, төрт дүркін Азия чемпионы және бес дүркін Қазақстан чемпионы болды. Бірақ соған қарамастан, Түркістан облысының атынан өнер көрсеткенімен, ешқашан марапат алған жоқ.

Сол себепті ол маған: «Бапкер, менің қатарластарымның бәрі пәтер алып жатыр, кейбірі көлік пен ақша иеленіп жүр», – деді. Ол ренішін жасырмады. Бұл рас, басқа спортшылар жарыстарға бірге қатысып, жақсы сыйақы алып жүр. Осыдан кейін біз Бауыржанмен сөйлестік. Ол Төреханға толық қолдау көрсететінін, барлық жағдай жасалатынын айтты.

Бірақ бұл ұсынысты Атырау мен Орал облыстарының спорт басқармалары қабылдамады. Кейін біз Шымкент қаласының әкіміне жүгіндік. Қазір осындамыз. Бауыржан да Шымкентке келіп, бәріміз бірге жұмыс істеп жатырмыз», – деді Ілияс Оралбеков.

Еске салайық, бұған дейін Төрехан Сабырхан Түркістан облысы құрамасынан шығып, Атырау облысына ауысатынын хабарлаған болатын. Алайда кейін ол бұл шешімінен бас тартып, Шымкент қаласының құрамасына өтті.

Боксшы мұны Түркістан облысы спорт басқармасының тарапынан қолдаудың әлсіздігімен түсіндірді.

Кейін бұл жағдайға қатысты Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Мерей Ақшалов та пікір білдіріп, Төрехан Сабырханның болашағы Қазақстан боксы үшін маңызды екенін атап өткен еді.

Осылайша, Төрехан Сабырхан төңірегіндегі мәселе өз шешімін тапты. Қазір ол Шымкент құрамасында жаттығуын жалғастырып, алдағы халықаралық жарыстарға дайындалып жатыр.

Ұқсас жаңалықтар

5 баланың анасы 15 жылдан кейін бокстан ел чемпионатының финалына шықты

Redaktor

«Ордабасы» тағы жеңілді

Redaktor

Қазақ боксшыларын Головкиннің бапкері дайындайды

Redaktor

Пікір жазу