Танымал әнші Бүркіт адамдардың мінез-құлқындағы өзгерістерге алаңдаушылық білдірді. Өнер иесінің айтуынша, соңғы уақытта қоғамда ашушаңдық пен шыдамсыздық көбейіп кеткен.
Әншінің сөзінше, адамдар бір-біріне деген құрметті жоғалта бастаған. Ол тіпті күнделікті тұрмыстағы қарапайым жағдайлардың өзінде сабыр сақтай алмайтындар саны артқанын атап өтті.
«Қазір көлігінді тұраққа қойып жатқанның өзінде 10–15 секунд күте алмай, қатты сигнал беріп, адамды шошытады. Бір нәрсе болып қалды ма екен деп қарасам, артынан неше түрлі балағат сөз айтып, жауындай көреді», – деді Бүркіт.
Өнер иесі жұртшылықты сабырлы болуға, бір-біріне түсіністік пен құрмет танытуға шақырды. Оның айтуынша, мейірім мен адамгершілік – қоғам үшін аса маңызды құндылықтар.
«Бір-бірімізге сәл шыдамдылық танытып, сабырлы болып, мейірімді болайық. Құрмет көрсетейік», – деп түйіндеді әнші.
