21 желтоқсанда , Қазақстан және КСРО Халық әртісі, «Отан», «Құрмет», «Қазақстанның Еңбек ері» ордендерінің иегері Асанәлі Әшімов дүниеден өтті. Атақты актердің қонағасы және жаназасына көп адам жиналды.
Солардың арасында танымал әнші Сәкен Майғазиев те барған. Ол қонағасы кезінде қасына мобилограф ертіп жүрген. Кімдерге көңіл айтып, кімдермен амандасқанын қасындағы мобилограф қалдырмай түсірген. Кейін оны желіге жүктеді. Бірақ сын көп айтылған соң, ол видеоны өшіріп тастады. Дегенмен әлеуметтік желіде әр түрлі пікірлер жазылып жатыр.
«Сәкен Майғазиев өлікке де мобилографпен барады екен. Концерттерінде сол ғана мобилографпен жүретін. Мейрамбек әнін айтып тұра береді. Жанында ешкім айналып түсіріп жүрмейді. Ал Сәкен деген жанына үлкен кісі келсе де, бала келсе де, мобилографына көзімен көрсетіп, ымдап «түсір тез» деп. Анау байқұс ебіл-дебіл боп шалынып жүгіріп түсіріп жүреді.Жарайды, концертте, жай күндері, жалпы өмірде видеоға қалай түссе де, құқығы бар ғой. Ештеңе дей алмаймыз. Ал енді кісі қайтыс болған жерге мобилографпен», — деп жазды Threads желісінде оқырмандардың бірі.
Еске салсақ, Асанәлі Әшімов ұлттық руханияттың дамуына өлшеусіз үлес қосқан, қазақ театр және кино өнерінің биік кәсіби мектебін қалыптастырған дара тұлға болды. 23 желтоқсанда марқұмды «Кеңсай-1» зиратына жерледі.
