Танымал әнші Мөлдір Әуелбекова әлеуметтік желідегі парақшасында Республика күніне орай алған марапаттар тақырыбында ренішін білдірді.
«Маған ешқандай марапат жоқ»
Мереке қарсаңында көптеген өнер адамдары мемлекеттік марапаттар мен атақтарға ие болғанын айтып, қуаныштарымен бөліссе, Мөлдір Әуелбекова бұл тізімде болмаған.
«Барша өнер майталмандарын марапаттарымен құттықтаймын! Әсіресе, өзімнің апайларымды! Әбден лайықтысыздар! Маған ешқандай марапат жоқ. Сол үшін әкемнен әдемі гүл шоқтары! Рақмет, пап! Ал ең керемет марапат – сіздердің қолдауларыңыз», – деп жазды әнші.
Әріптестері мен тыңдармандары қолдау білдірді
Әншінің жазбасы желі қолданушылары мен өнердегі әріптестерінің назарын бірден аударды. Олар Мөлдірге жылы пікірлерін қалдырды:
«Сіз «Халық әртісін» бір-ақ аласыз әлі», «Саған халық әлдеқашан ықыласын беріп қойған»,
«Сіз ең жоғары марапатқа лайықсыз», «Әлі ерте, жассың. Қыз Жібек әпкеміздің өзі «Халық әртісін» енді алыпты», – деп жазды оқырмандар.
Желі қолданушылары Мөлдір Әуелбекованың ең басты марапаты – тыңдарманның сүйіспеншілігі мен халықтың ықыласы екенін атап өтті.
