Белгілі әнші әрі продюсер Мөлдір Мұқанова экс-күйеуі Тұрсынбек Қабатов пен балалары арасындағы қарым-қатынасқа қатысты жаңа ақпаратпен бөлісті.
Бұған дейін Мөлдір Мұқанова журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында Қабатов балалардың телефон нөмірін бұғаттап тастағанын айтқан болатын. Алайда бұл ақпаратты Тұрсынбек Қабатов кейін жоққа шығарған еді.
Дегенмен, әншінің айтуынша, сұхбаттан кейін ең бірінші болып балаларға өзі хабарласқан – Тұрсынбек Қабатов.
Мөлдір Мұқанованың сөзінше, Қабатов қызы Әдемімен сөйлескенде қатты толқып, дауысында діріл байқалған.
«Сол сұхбаттан кейін балаларға хабарласып, сөйлесті. Әдемі басқа елде оқып жатыр. Қызына: «Әдемі, саған рақмет» деп айтқан екен. Жүрегі елжіреп, дауысы дірілдеп тұрған дейді. Әдемі оған: «Папа, не үшін рақмет айтып жатырсыз? Сіз менің әкемсіз ғой. Мен де сізді сағындым. Хабарласқаныңызға рақмет» деп жауап қайтарыпты», – деді Мұқанова «Жетінші арнаға» берген сұхбатында.
Әншінің айтуынша, балалардың нөмірі бұғатталған кезеңде олар бірнеше ай бойы хабарласа алмай, хабарламалары жетпей, өте қиын жағдайда болған.
«Қанша уақыт бойы біз хабарласа алмадық. Бір ғана галочка көрінетін. Қоңырау да бармайтын. Қатты қиналдық, сағындық, жыладық… Әсіресе Айару мен Нұриман. Сол сәтте эмоцияға беріліп, сұхбатта осы жағдайды айтып қойдым», – деді ол.
Сонымен бірге Мұқанова нөмірді дәл сол сәтте Қабатовтың өзі бұғаттады ма, әлде жанындағылардың әрекеті ме – нақты белгісіз екенін айтты.
Мөлдір Мұқанованың айтуынша, сұхбаттан кейін Тұрсынбек Қабатовтың өзі балалармен байланыс орнатып, жағдай реттеле бастады.
