Қазақстанның халық әртісі, әйгілі әнші Роза Рымбаева марқұм жары Тасқын Оқаповты әлі күнге дейін сағынып, оның өміріндегі орнын ешкім баса алмағанын айтты. Өнер иесі жолдасы өмірден озғаннан кейінгі ауыр кезеңін еске алып, не себепті қайта тұрмыс құрмағанын түсіндірді.
Күйеуімді сағынамын. Мен тек өмірде ғана емес, өнерде де жалғызбын. Әрине, менің өнерімді бағалайтын, қолдайтын адамдар бар. Бірақ мен бәрін Тасқынмен салыстырамын. Оның деңгейіне жеткен жанды кездестірмедім, іздеген де жоқпын. Екі балама өзім әке де, ана да болдым. Бүгінгі жетістігім – Тасқынның еңбегі. Ол менің шығармашылығыма, біліміме, болашағыма барын арнады. Егер онымен кездеспесем, сахнада болар ма едім, болмас па едім – белгісіз. Бұл нәрсені жас ұлғайған сайын тереңірек түсінесің, – деді әнші.
Сондай-ақ Роза Қуанышқызы екі ұлы – Әли мен Мәдиге қатысты аналық уайымын да жасырмады.
Барлық ана сияқты мен де балаларым үшін алаңдаймын. Түнгі 11-ден кейін үйге келмесе, міндетті түрде хабарласамын. Әли кейде “Мама, мен 30-дан асқан ер адаммын ғой” деп ренжиді. Бірақ аналық жүрек бәрібір тыныштық таппайды. Әр ана баласының амандығын, жақсы азамат болғанын қалайды. Мен де сондаймын. Кейде ұрсамын, кейде ақыл айтамын. Тіпті осы сұхбатқа келер алдында да ұлыма ренжіп, ұрсып шықтым, – деп күлді халық әртісі.

