Beksports спорт порталы
Басқа спорт түрлеріЖаңалықтар

Нұртілеу Иманғалиұлын еске алуға арналған журналистер арасында бильярдтан республикалық дәстүрлі турнир өтті

Нұртілеу Иманғалиұлын еске алуға арналған журналистер арасында бильярдтан республикалық дәстүрлі турнир өтті

Тележурналистика тарланының есімін ұлықтауға және жастар арасында кеңінен насихаттауға бағытталған бұл шара осымен қатарынан төртінші жыл өткізіліп келеді.

2024 жылдың 11 мамырында Астана қаласында белгілі тележурналист, қоғам қайраткері, ақын Нұртілеу Иманғалиұлын (01.05.1952 – 17.02.2021) еске алуға арналған журналистер арасында бильярдтан республикалық дәстүрлі турнир ұйымдастырылды. Тележурналистика тарланының есімін ұлықтауға және жастар арасында кеңінен насихаттауға бағытталған бұл шара осымен қатарынан төртінші  жыл өткізіліп келеді. Бұған дейінгі турнирлерде Нұрділдә Ораз, Мақсұт Иржан, Оңдасын Мейірбаев атты журналистер қанжығасын майлап, үздік атанған еді. 

Нұртілеу Иманғалиұлын еске алуға арналған журналистер арасында бильярдтан республикалық дәстүрлі турнир өтті

Шараның бас демеушісі –  Tas Group  компаниясының құрылтайшысы,  Assyltas  қоғамдық қорының президенті, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті,  меценат, өнер жанашыры Дулат Тастекеев. Дулат Тұрсынұлы айтыс  пен спорт өнерінде жүрген талай саңлаққа демеушілік көрсетіп келеді. 4 жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан Нұртілеу Иманғалиұлы атындағы дәстүрлі турнирдің тұрақты, бас демеушісі.  

Журналистикада да, бильярдта да «Кейкі мерген» атанған телевизия дарабозы Нұртілеу Иманғалиұлы талай жасқа үлгі. Өнердегі достары оның тек сөзтапқыш, шешендігін ғана емес, бильярд, волейбол іспетті ойындарда ұтқыр, мерген, шебер ойыншы қасиеттерін де мойындаған.

Нұртілеу Иманғалиұлын еске алуға арналған журналистер арасында бильярдтан республикалық дәстүрлі турнир өтті

Нұртілеу ағамыз Жетісу облысы  Ақсу ауданы Діңгек ауылында дүниеге келген. Отбасындағы 14 баланың кенжесі. Жастайынан спортқа, сөз өнеріне бейім болған. Қанаты қатайып, жарты ғасырға жуық тележурналистика қазандығында қайнап, өзінің ерекше болмысымен, мәнерімен көрермен көзайымына айналды.Терісіңді еңбек, телегей тер шүмектетіп еңбек еткен ұлт перзенті мұхиттан маржан сүзгендей мыңжылдықтардан бергі құндылықтарды журналистік қарымы мен дарынына ұштастырып, қоғамның ащы шындығын жеткізе білді. Ол тізгіндеген «Ой-көкпар», «Бетпе-бет», «Діңгек», «Қолтаңба» және т.б. хабарлары әлі күнге дейін көрермен жадында. Қара шаңырақ «Қазақстан» теле-радио корпорациясының төрағасы лауазымына дейін өсті. Бірнеше мемлекеттік және үкіметтік марапаттың иегері.

Іс-шараның шымылдығы Нұртілеу Иманғалиұлының рухына арнаумен ашылды. Қатысушыларға ағамыздың өмірлік ұранына айналған «Бай, қуатты болайық!» деген жазуы бар сувенир сыйлықтар мен бейсболкалар таратылды. Түскі аста Нұртілеу Иманғалиұлының рухына Құран бағышталып, естелік бейнеролик көрсетілді. Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаз атанғандар мен үздік ойын көрсеткендерге  қаржылай сыйлықтар табыс етілді. 

Бас жүлдені – Қазақстан теле-радиокорпорациясының қызметкері, журналист-ақын   Тұрмағамбет Кенжебаев еншіледі. 2-орын – жас режиссер Асылхан Манапқа бұйырды. Ал 3-жүлдені – белгілі тележурналист, «Хабар» мен «Қазақстан» телеарнасында талай жыл табан тайдырмай қызмет еткен Әлімжан Сабыржанұлы жеңіп алды. Бұдан бөлек, турнирге сенатор Алтынбек Нұхұлы, белігілі журналист ағаларымыз Несіп Жүнісбай, Сәдібек Түгел, Шархан Қазығұлов, Талғат Ешен ағаларымыз да қатысты. Актерлер қауымынан Айболат Жаудыр, Нартай Сауданбек, Қуандық Қыстықбай секілді барша қауымға белгілі талантты тұлғалар бақтарын сынады.

Іс-шара барысында қазақтың сый-сияпаты да қатар жүрді. Алматыдан арнайы келген Ардагер Уайдин есімді азамат Нұртілеу Иманғалиұлының жары Қарлығаш апамыздың иығына қазіргі заманға сай кеудеше-қамзол жапты.  

Дереккөз: Aikyn.kz

Ұқсас жаңалықтар

Семсерлесуден жастар арасындағы ел чемпиондары анықталды

Redaktor

Головкин Әлия Юсуповамен жолықты

Redaktor

өшпенділер ойындары: Астанада атқа мінгендер шеруі өтті

Redaktor

Пікір жазу