Beksports спорт порталы
Басты ақпаратЖаңалықтарФутбол

Анарбеков арыстанша алысып ойнаған матч

Фото: Данияр Ахметов/ "Қайраттың" баспасөз қызметі

Араға 10 жыл салып, Чемпиондар лигасының топтық кезеңінің гимні Астанада шырқалды. Соңғы рет жанкүйерлер «Астана» мен «Бенфика» арасындағы ойында естіген. Бұл жолы елордада «Қайрат» пен гректің атақты «Олимпиакосы» өзара жолықты.

Турнир кестесінде қатар тұрған екі командадан терезесі тең ойын күтілгенмен, алаңдағы көрініс мүлде басқаша болды. Грек клубы ойынның алғашқы минуттарынан бастап шабуыл қарқынын күшейтіп, «Қайрат» қорғанысын бірден сынай бастады. Ал номинальды алаң иелеріне ойынды өз қолына алу қиынға соқты. Әсіресе, дисквалификация салдарынан матчты өткізіп алған Дастан Сәтпаевтың жоқтығы айқын сезілді. Команданың ең өткір шабуылшысы болмаған соң, қақпаға бағытталған нақты соққылар саны барынша азайды.

Дегенмен, алматылықтардың үмітін үзбей, команданы бірнеше рет қиын доптардан құтқарып қалған адам – қақпашы Темірлан Анарбеков болды. Ол бірінші таймның өзінде кем дегенде екі жүз пайыздық гол эпизодында команданы сақтап қалды. Сол сәттерде стадион толығымен оның реакциясына, батылдығына және суыққандығына тәнті болды. Қорғаныстағы Егор Сорокин де бірнеше қауіпті соққыны өз денесімен жауып, голдың алдын алды.

Алғашқы тайм бойы «Қайрат» қарсыластың қысымынан шыға алмай, қақпаға бірде-бір нақты соққы жасай алмады. Тіпті, бұрыштама соққылар да бұйырмады. Керісінше, «Олимпиакос» тайм соңына дейін шабуылды үдетіп, гол соғуға ұмтылғанымен, Анарбековтің шеберлігі есебінен үзіліске командалар 0:0 нәтижесімен кетті.

Екінші таймда алаң иелері ойынға тың күш енгізу үшін Громыко мен Жоржиньоны шығарды. Бұл өзгерістер шабуылды біршама жандандырғандай болғанымен, соңғы пас пен шешуші соққы дәл шықпады. Ал «Олимпиакос» өз кезегінде жүйелі түрде шабуыл ұйымдастырып, алматылық команданың қорғанысына қысымды күшейте түсті.

Ойынның ең шешуші сәті 73-минутта тіркелді. Мехди Тареми айып алаңының оң қапталында бос қалған Желсон Мартиншке дәл пас беріп, ол еш қиындықсыз гол соғып кетті. Бұл доп матчтағы жалғыз әрі шешуші гол болды. Осы голдан кейін алматылықтар біраз уақыт бойы өз-өзіне келе алмады. Қорғаныста жиі қателіктер жіберіп, қақпа маңында қауіпті сәттер көбейді. Егер Анарбековтің керемет сейвтері болмағанда, есеп 0:3 немесе 0:4 болуы әбден мүмкін еді.

Анарбеков матч соңына қарай тағы бірнеше рет гол соғылар сәтті қайтарып, әуелі Эль-Каабидің тура соққысын ұстап қалды, кейін Таремидің тура бұрышқа қарай жіберген добын керемет секіріспен қақпа маңынан алып шықты. Екі рет голкипердің саусақтарынан қайтқан доп қақпа бағанасына тиіп, алаңға қайта оралды. Тіпті, матчтың аяқталуына санаулы минуттар қалғанда Эль-Кааби бос қақпаға дәл соға алмай, жақын бағананы көздеп қателесті.

Осылайша, «Қайрат» ұзақ уақыт бойы жанкештілікпен қорғана отырып, 0:1 есебімен ғана есе жіберді. Жеңіліске қарамастан, бұл матчтан кейін алматылық қақпашы Темірлан Анарбеков жанкүйерлер мен сарапшылардың ерекше мақтауына ие болды. SofaScore платформасы оның ойынын Чемпиондар лигасының бүкіл маусымы ішіндегі сенсациялық көрсеткіш деп бағалап, бұған дейінгі матчтарда жинаған ұпайларын тізіп шықты:

«Пафос» – 10 балл, «Интер» – 7,9, «Копенгаген» – 8,5, «Олимпиакос» – 9,2. Осындай жоғары көрсеткіштер қақпашының талантын ғана емес, оның үлкен еуропалық сахнаға дайын тұрған ойыншы екенін көрсетті.

«Қайрат» жалпы кезеңде бір ғана ұпай жинап, турнир кестесінде 35-орында қалды. Команда алты ойынның бесеуінде жеңіліп, тек «Пафоспен» тең түсті. Алда «Арсенал» мен «Брюгге» сынды төрткүл дүниеге танымал клубтармен өтетін аса ауыр матчтар күтіп тұр.

Бұл ойын қазақ футболы үшін тағы бір тарихи сәт әкелді: Темірлан Анарбеков Чемпиондар лигасындағы матчта «үздік ойыншы» атанған алғашқы қазақ футболшысы болып тарихқа енді. Оның бұл маттағы өнері – жас буынға үлгі, ал «Қайратқа» болашақ ойындарда сенім ұялататын жарқын үміт.

Астанадағы кештің атмосферасы ерекше болды: трибуна толы жанкүйер өз командасын соңына дейін қолдады. Ал жас қақпашы өз ойынымен олардың үмітін ақтап, қазақ футболының үлкен сахнада да лайықты ойын көрсете алатынын дәлелдеді. «Қайраттың» жеңілсе де, беделі биіктеп, ал жанкүйерлердің мақтанышы екі есе артқан кеш дәл осылай тарихта қалды.

Ұқсас жаңалықтар

2030 жылғы қысқы Олимпиада өтетін жер анықталды

Redaktor

Қазақстандық теннисшілер ITF Juniors турнирлерінде үздік шықты

Redaktor

16 жасар қазақстандық мансабын АҚШ-та жалғастырады

Redaktor

Пікір жазу