Beksports спорт порталы
Басты ақпаратБоксЖаңалықтарСараптама

Допинг дауы: Жәнібек Әлімханұлының мансабын кім сақтап қалады?

©facebook.com/janibekalimkhanulyteam/

Екі күннен кейін, яғни 8 қаңтарда WBO және IBF нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының допингке қатысты B сынамасы ашылады.

Егер B сынама таза шықса, онда Жәнібек кінәсіз деп танылуы мүмкін. Алайда мұндай жағдайдың орын алу ықтималдығы өте төмен. Әдетте қайталама сынама алғашқы нәтижеме сәйкес келіп жатады. Соған қарамастан, бұл жағдайда да Әлімханұлы толық дисквалификациядан аман қалуы мүмкін.

Антидопинг кодексіне сәйкес, спортшы ағзасына түскен кез келген зат үшін өзі жауап береді. Дегенмен, шешім қабылдау кезінде жеңілдететін мән-жайлар да ескеріледі. Ең бастысы – тыйым салынған препараттың қасақана қолданылмағанын дәлелдеу. Егер Жәнібектің командасы мельдонийдің спортшы ағзасына БАД арқылы емес, дәрумендер құрамында түскенін дәлелдей алса (дәл осы нұсқаны «Қазақ стилі» командасы алға тартып отыр), сондай-ақ тиісті тағайындаулар мен өндірушіден алынған анықтамаларды ұсынса, дисквалификация мерзімі айтарлықтай қысқаруы мүмкін. Мұндай жағдайда жаза үш айға дейінгі шеттету және аз көлемдегі айыппұлмен шектелуі ықтимал.

Сонымен қатар шешім қабылдаудағы маңызды факторлардың бірі – ағзадағы тыйым салынған заттың концентрациясы. Егер оның мөлшері өте төмен болса, спортшының жарыстардан шеттетілу мерзімі алты айдан аспауы мүмкін.

Ең бастысы, допинг мәселесі кәсіпқой бокста әуесқой боксқа қарағанда әлдеқайда жеңіл қаралады. Әуесқой бокс WADA бақылауында болғандықтан, мұнда тыйым салынған зат үшін жаза қатаң – екі-үш жылға дейінгі дисквалификация қарастырылған. Ал кәсіпқой бокста мұндай «қателіктер» үшін көп жағдайда ескерту немесе жеңіл жаза қолданылады.

Мысалы, Батыр Жүкембаевтың қарсыласы, пуэрторикалық Сабриэль Матиас былтыр допинг-тесттен өте алмады. Оның ағзасынан тестостерон деңгейін арттыратын остарин табылған. Соған қарамастан, ол 10 қаңтарда АҚШ-та WBC титулын қорғауға мүмкіндік алып, тек содан кейін ғана тексеріс жүргізілді.

Сондай-ақ кіші Хосе Бенавидес те допинг қолданғанына қарамастан ауыр жазаға тартылған жоқ. Boxingscene мәліметінше, 2024 жылдың ақпанында спортшының сынамасынан кокаин метаболиті – бензоилэкгонин анықталған. Нәтижесінде оған өткен уақытпен тоғыз ай дисквалификация және 3750 доллар көлемінде айыппұл салынды.

Бұл мысалдар кәсіпқой бокста спортшының нарықтағы маңызы да ескерілетінін көрсетеді. Сабриэль Матиас жағдайында WBC оған титулын қорғауға мүмкіндік берді.

Ұйым президенті Маурисио Сулейман: «Ол кінәсіз, допингтің ешқандай белгісі анықталған жоқ», – деп мәлімдеген еді.

Кәсіпқой бокс – ірі бизнес, ал боксшылар – басты актив. Сондықтан ұйымдар мен промоутерлер ірі жұлдыздарды қорғауға мүдделі. Әр титулдық жекпе-жек промоутерлерге белгілі бір пайыздық табыс әкеледі.

Осы тұста Жәнібек Әлімханұлының жанкүйерлері «Қазақ стилі» Боб Арумға қаншалықты қажет?» деген заңды сұрақ қоюы мүмкін. Егер Top Rank компаниясының 94 жастағы жетекшісі Жәнібекті құнды актив деп есептесе, жағдай оның пайдасына шешілуі ықтимал. Компанияның тәжірибелі заңгерлері бар және олар мұндай дауларда қалай әрекет ету керегін жақсы біледі.

Ал егер Боб Арум Жәнібектің 2024 және 2025 жылдары бірнеше жекпе-жегінің өтпей қалғанын ескеріп, оны қажетсіз актив деп санаса, онда Әлімханұлы Лараға қарсы жекпе-жек алдында допинг қолданды деген айыппен дисквалификацияға ұшырауы мүмкін.

Яғни, Жәнібек Әлімханұлының мансабын Боб Арум сақтап қала алады.

Ұқсас жаңалықтар

World Boxing рейтингі: Қазақстанның – төрт, Өзбекстанның бес боксшысы көш бастады

Redaktor

«Визаны барлық туыстарға рәсімдеп қойды ма?»: Олимпиадаға бөлінген миллиардтар қазақстандықтардың наразылығын тудырды

Redaktor

Геннадий Головкин ХОК-тің штаб-пәтеріне барды

Redaktor

Пікір жазу