Қазақстан боксының аңызы, Олимпиада чемпионы Василий Жиров Геннадий Головкиннің Халықаралық бокс даңқы залына қабылдануына қатысты пікірін білдірді. Даңқты спортшы бұл жетістікті жоғары бағалап, сонымен қатар өзінің де бұған дейін АҚШ-тағы Жауынгерлік өнерлер даңқы залына енгізілгенін еске салды.
Қазақстан тарихындағы тұңғыш Олимпиада чемпионы атанған Василий Жиров Геннадий Головкин үшін қуанышты екенін жасырмады. Дегенмен ол өзінің халықаралық деңгейдегі жетістіктері ел ішінде жеткілікті дәрежеде насихатталмай жүргеніне назар аударды.
«Бұл – үлкен жетістік, мен оны шын жүректен құттықтаймын. Ол менің жолыммен келе жатыр. Себебі мен де ол даңқ залына алғашқы болып енгенмін. Бұл туралы америкалық басылымдар кеңінен жазды, ал неге екені белгісіз, отандық ақпарат құралдарында бұл мәселе айтылмай қалды», – деді Жиров Offside.kz басылымына берген сұхбатында.
Василий Жировтың спорттық жолы
Василий Жиров – Қазақстаннан шыққан кәсіпқой бокста IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанған тұңғыш боксшы. Ол бұл белбеуді шамамен төрт жыл бойы иеленіп, кәсіби бокста тұрақты деңгейін дәлелдеді. 2023 жылы Жиров АҚШ-тың Жауынгерлік өнерлер даңқы залына қабылданды.
Даңқты спортшының әуесқой бокстағы жетістіктері де ерекше. Ол – 1996 жылғы Атланта Олимпиадасының чемпионы, әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері, Азия чемпионы және құрлықтық жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері. Василий Жиров Қазақстан боксы тарихында өз ізін қалдырған ең атақты әрі титулды спортшылардың бірі саналады.
