«Қайрат» клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин Грекияның «Олимпиакос» клубымен өткен Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі матчтан кейін ойынға қорытынды жасады.
Астанада өткен алтыншы турдағы кездесу алматылық клуб үшін ауыр өтті және 0:1 есебімен қонақтардың пайдасына аяқталды.
– Өкінішке қарай, өте қарапайым, болмашы гол өткізіп алдық. Өз қателігімізбен қарсыласқа мүмкіндік жасап бердік. Бүгін жанкүйерлерді қуантқымыз келген еді. Дегенмен жігіттер намыс көрсетті, барын салды. Ойынды құтқарып қалуға болатын еді, – деді ол.
Бас бапкер бірінші таймның көңілден шықпағанын жасырмады. Оның айтуынша, ойын басынан-ақ қарқынды бастаған «Олимпиакос» алаң иелеріне қысым көрсетіп, жылдамдық жағынан басым болды.
– Бірінші тайм бізді қатты қынжылтты. Қарсылас алғашқы минуттардан-ақ жоғары қарқынмен ойнады, ал біздің ойыншылар матчтың ырғағына бірден кіре алмады. Алдын ала келісілген жоспар толық орындалмады. «Олимпиакостың» шабуылы өте қуатты, 90 минут бойы алаңдағы жағдай жоғары шиеленісте болды, – деді ол.
Журналистер Зарианың алмастырылуына қатысты сұрақ қойған кезде, Уразбахтин мұның себебі интенсивтілік жетіспеуімен байланысты екенін айтты:
– Біз тек қорғануға тырыссақ, өз қақпамызға «қамалып» қалатынымыз анық еді. Сол себепті прессинг пен агрессия қажет болды. Екінші таймда шыққан ойыншылар жағдайды күрт өзгертті деп айта алмаймын, бірақ барлығы өз мүмкіндігін көрсетті, – деді ол.
Кездесу алдында командада дайындық жағынан қиындықтардың болғаны да белгілі болды. Копенгагендегі матчтан кейін «Қайраттың» қарамағында небәрі 12 ойыншы ғана толық жаттыға алған.
– Жолдастық ойын өткізу туралы ұсыныс «Спартактан» да болды. Бірақ біздің қолымызда бар-жоғы 10 ойыншы қалды. «Қайрат-Жастардың» футболшылары да болмады. Сондықтан мұндай жағдайда жолдастық матч ойнау мүмкін емес. Бұл әрине, ойын тонусына әсер етті, – деді ол.
Бапкер шабуылдағы қиындықтарға да тоқталды. Жанкүйерлердің сұрауы бойынша, неге Рамазан Бағдат негізгі командаға тартылмағаны түсіндірілді:
– Әрине, біз оны қарастырдық. Бірақ ол максимум 15-20 минут ойнай алатын жағдайда ғана еді. Жарақаты мен сырқаттан кейін енді-енді қалыпқа келіп жатыр. Жастар командасында да, құрамада да өзін жақсы көрсетуде. Біз оған зиян келтіргіміз келмейді. Әзірге осындай шешім дұрыс деп ойлаймыз, – деді Уразбахтин.
Алда «Брюгге» және «Арсеналға» қарсы өте қиын матчтар күтіп тұр. Бас бапкер әрбір ойын шешуші маңызға ие екенін атап өтті:
– Әр матч біздің жас команда үшін сынақ. Қарсыласың кім болса да, жеңуге де, жеңілуге де болады. Қалай дайындалатынымызға байланысты, – деді ол.
Команда қаңтардың басында қайта жиналады. Жоспар бойынша 2-3 қаңтарда медициналық тексеріс, 4 қаңтарда оқу-жаттығу жиыны басталады. Қаңтардың ортасында Астанада қайта бас қосып, Чемпиондар лигасының матчтарына тікелей дайындық басталады. Ақпанда ұзақ мерзімді оқу-жаттығу жиыны өтеді.
Бас бапкер баспасөз мәслихатында Темірлан Анарбековтің прогресіне ерекше тоқталды:
– Темірланның өсуі тікелей Чемпиондар лигасымен байланысты. ҚПЛ-де біз жиі шабуыл жасаймыз, сондықтан қақпашыға ауыртпашылық аз түседі. Ал Еуропада біз көп жағдайда қорғаныста ойнаймыз, қарсыластар үнемі шабуылда. Бұл оның кәсіби деңгейін тез өсіріп жатыр. Біз оны ешқашан «екінші нөмірлі» қақпашы деп санамадық. Оның болашағы зор. Құрама үшін де маңызды ойыншыға айналады деп сенеміз, – деді Уразбахтин.
