Қазақстандық аңыз боксшы, World Boxing ұйымының президенті және Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің төрағасы Геннадий Головкин Сауд Арабиясына сапары барысында әлем футболының жұлдызы Криштиану Роналдумен кездесті.
Кездесу Эр-Рияд қаласында өтті. Головкин мұнда ірі бокс кешін тамашалау үшін келген. Аталған кештің басты жекпе-жегінде жапониялық Наоя Иноуэ мексикалық Давид Пикассоны жеңген болатын.
Желіде жарияланған видеодан екі спорт жұлдызының жылы жүздескенін көруге болады. Әңгіме барысында Геннадий Головкин келесі жылы тағы бір жекпе-жек өткізуі мүмкін екенін айтып қалды. Бұл мәлімдеме жанкүйерлер арасында үлкен қызығушылық тудырды.
Криштиану Роналду да қазақстандық боксшымен кездескеніне қуанышты екенін білдіріп, жылы лебізін жеткізді. Айта кетейік, сол күні португалиялық футболшы Сауд Арабиясы чемпионаты аясында «Әл-Ахдуд» қақпасына дубль жасап, «Әл-Наср» клубының 3:0 есебімен жеңіске жетуіне үлес қосты.
Еске сала кетсек, Геннадий Головкин мен Криштиану Роналду бұған дейін, 2020 жылы, DAZN платформасының бір жобасына бірге қатысқан еді. Қазір Головкин 43 жаста, ал оның соңғы жекпе-жек өткізгеніне үш жылдан астам уақыт болды. Соған қарамастан, жаңа жекпе-жек туралы ишарасы бокс жанкүйерлерін елең еткізді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
