Қазақстандық боксшы, үш дүркін әлем чемпионы және Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Назым Қызайбай спорттағы жасы мен мансабына қатысты ойын ашық жеткізді.
Спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында Олимпиададағы қола жүлдені еске алып, оның артында қаншама еңбек, сынақ пен сенімсіздік тұрғанын жазды.
«Осы суретке қарасам, тағы да қандай жолдан өткенімді, қанша сынақ көргенімді сезінемін. Бұл – жай ғана қола медаль емес. Бұл – сенімсіздікке, сөзге, күмәнға қарамай жүріп өткен жолдың дәлелі. Турнир алдында көп адам «сен тым кәрісің» деді. Бірақ менің арманым үшін қанша еңбек еткенімді ешкім білмейді», – деп жазды Назым.
Боксшы мансабы барысында талай рет күмән мен сынға тап болғанын жасырмады. Алайда ол әрдайым жүрегіне сеніп, соңына дейін күрескенін айтады.
«Көп адам маған сенбеді. Бірақ мен сендім. Айналаңдағы сөздің бәрі маңызды емес. Жүрегіңді тыңда. Сынаса да, кемсітсе де – өз жолыңнан тайма. Мен бәрін көремін, бәрін білемін. Мен тек өз жұмысымды істеймін. Құдай маған мұның бәрін берді, себебі мен ешкімге жамандық тілемеймін. Тек жақсылық тілеймін – тіпті маған жаман сөз айтқандарға да. Еңбек ет. Сабыр сақта. Нәтиже бәрін өзі айтады», – деді ол.
Назым Қызайбай 48 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионатын үш рет жеңіп алған:
- 2014 жыл – Корея, Чеджу (алғашқы әлем чемпиондығы);
- 2016 жыл – Астана (екінші мәрте);
- 2025 жыл, наурыз – Сербия, Ниш (үшінші әлем чемпиондығы).
Сондай-ақ ол Париж Олимпиадасында жартылай финалға дейін жетіп, қытайлық Ю У-ға жол берсе де, карьерасындағы алғашқы Олимпиада жүлдесін, яғни қола медальды иеленді.
Бұдан бөлек, Ливерпульде өткен әлем чемпионатында финалға дейін жетіп, күміс жүлде алған.
