Қазақстандық боксшы, WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы орта салмақтағы үш белбеу үшін өтетін тарихи жекпе-жекке келісімшартқа қол қойды.
Бұл жаңалықты боксшының менеджері Берік Сұлтанов растады.
«Ассалаумағалейкум, құрметті Qazaq Style жанкүйерлері! Біз қазақ жанкүйерлері асыға күткен тарихи жекпе-жекке келісімшартқа қол қойдық. Бұл кездесу орта салмақ дәрежесін дүр сілкіндіреді. Алла қаласа, алдағы күндері промоутерлік компания ресми түрде жариялайды. Бізді үлкен шоу күтіп тұр», – деді Сұлтанов.
Менеджердің айтуынша, Әлімханұлы командасы орта салмақтағы төрт негізгі белбеуді біріктіруді мақсат еткен.
«Біз жолдың жартысына жеттік. Егер бәрі сәтті болса, тарих жасаймыз. Еңбегіміздің нәтижесін көруге аз қалды», – деп қосты ол.
Ресми мәліметке сәйкес, Жәнібек Әлімханұлы WBA чемпионы Эрисланди Ларамен жұдырықтасады. Бұл кездесу WBO, IBF және WBA титулдарын біріктіру үшін өтпек.
BoxingScene дерегінше, айқас 6 желтоқсанда Сан-Антонио (Техас, АҚШ) қаласында өтеді. Бұл бокс кешінде басты оқиға ретінде Ламонт Роуч пен Исаак «Питбуль» Круз арасындағы жекпе-жек те жоспарланған.
Аталған шоу Premier Boxing Champions (PBC) ұйымының ұйымдастыруымен өтеді. Бұл Лараның командасы. Ал Жәнібек үшін бұл — жаңа тәжірибе: ол алғаш рет бұрынғы Top Rank компаниясынан тыс рингке шығады.
Келісімшарт толық рәсімделсе, бұл айқас Жәнібек Әлімханұлының мансабындағы ең маңызды және тарихи жекпе-жектердің бірі болмақ. Қазақстандық чемпион төрт белбеудің иесі атануға тағы бір қадам жасайды.