Алматылық «Қайрат» футбол клубының шабуылшысы Дастан Сәтпаев дәрігерлердің кеңесі бойынша қосымша медициналық тексеруден өту үшін бүгін түнде Катар астанасы Дохаға ұшып кетеді. Бұл туралы клубтың баспасөз қызметі хабарлады.
«Бүгін түнде ол дәрігерлердің ұсынысы бойынша қосымша қаралуға Дохаға жол тартады», – делінген ресми хабарламада.
Клуб өкілдері ойыншының жарақатына қатысты нақты ақпаратты кейінірек жариялайтынын атап өтті. Сондай-ақ «Қайрат» футболшысы тез сауығып, алаңға қайта оралуына тілек білдірді.
Белгілі болғандай, Дастан Сәтпаев жарақатына байланысты 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі Лихтенштейн және Солтүстік Македония құрамаларына қарсы матчтардан шет қалды.
Дастан Сәтпаев 2008 жылы 12 тамызда Алматы қаласында дүниеге келген. 2024 жылдан бері «Қайрат» сапында өнер көрсетіп, 24 кездесуде 12 гол соғып үлгерді.
Ұлттық құрамадағы алғашқы ойынын ол 2025 жылдың 19 наурызында Кюрасао құрамасына қарсы өткізген.
Айта кетсек, биылғы жылдың ақпан айында жас шабуылшы Англияның әйгілі «Челси» (Лондон) клубымен трансферлік келісімге келген. Ол 18 жасқа толғаннан кейін лондондық команда сапына қосылуы мүмкін.