Қазақстан ұлттық құрамасының футболшысы Лев Скворцов ресми түрде Түркияның «Серикспор» клубының сапына қосылды.
Түрік клубының баспасөз қызметі хабарлағандай, қазақстандық қорғаушымен бір жылдық келісімшарт жасалды. «Серикспор» қазіргі таңда Түркия чемпионатының екінші дивизионында өнер көрсетіп жүр және Түркия бірінші лигасының 20 клубы арасында 12-орында тұр.
25 жастағы Лев Скворцов бұған дейін Қазақстанда «Астана», «Атырау», «Тұран» және «Ақтөбе» клубтарының намысын қорғаған.
Сондай-ақ ол легионер ретінде Ресейдің «Химки» және «Шинник» командаларында да өнер көрсеткен.
«Серикспор» клубы Лев Скворцовтың ауысуына орай Instagram желісінде футболшының есте қаларлық ойын сәттерінен бейнежинақ жариялады. Онда оның Қазақстан құрамасындағы және қазақстандық клубтардағы матчтарынан үзінділер қамтылған.
Айта кетейік, бұған дейін өскемендік қазақстандық футболшы Ислам Чесноков қостанайлық «Тобыл» клубымен келісімшартын аяқтаған соң, Шотландия Премьер-лигасында көш бастап тұрған «Хартс» командасының ойыншысы атанған болатын.
