Белгілі қазақстандық актриса Альмира Тұрсын көпшілікпен қуанышты жаңалығын бөлісті. Өнер иесі 12 жылдан кейін тағы да ана атануға дайын екенін айтты.
«12 жылдан кейін қайта ана болуға дайындалып жатырмын»
Актриса бұл туралы өзінің Instagram парақшасында жазды:
«Толқыныспен және қуанышпен бақытты жаңалығыммен бөліскім келеді! 12 жылдан кейін қайтадан ана атануға дайындалып жатырмын. Бұл ғажайып пен қуаныш үшін Құдайға шексіз мадақ пен алғыс айтамын!» – деп жазды Альмира Тұрсын.
Ол жазбасында отбасылық өмірі туралы да қысқаша айтып өтті:
«Мен көптен бері тұрмыстамын, үлкен отбасымыз бар. Барлық балаларымызбен бірге тұрамыз – менікін, оныкін, біздің ортақ балаларымызды. Толығырақ айтпай-ақ қояйын, себебі мен жеке өмірімді сақтауды жөн көремін. Себебі «бақыт тыныштықты сүйеді» деп сенемін», – деді актриса.
Альмира Тұрсын туралы
Альмира Тұрсын – қазақстандық актриса, продюсер және қоғам белсендісі. Ол 2019 жылы жарық көрген «Томирис» көркем фильмінде сақ патшайымы Томиристің рөлін сомдап, кең танымалдыққа ие болған.
Актрисаның жеке өмірі бұған дейін де қоғам назарында болған. Көптеген желі қолданушылары оны фильм режиссері Ақан Сатаевпен байланыстырғанымен, бұл сыбыстар ешқашан ресми түрде расталмаған.
Жеке өмірін жасырын ұстауды жөн көреді
Альмира Тұрсын бұған дейін де әлеуметтік желідегі «сұрақ-жауап» айдарында жеке өміріне қатысты сұрақтарға жауап беріп, ашықтық танытқан болатын.
«Жеке өмір – көпшілікке арналған дүние емес. Мен оны көрсетпеймін де, айтпаймын да. Бірақ мен жалғыз емеспін! Мен анамын, қызбын, әпкемін, досымын. Менің отбасым, достарым, сүйіктім және сіздер – менің оқырмандарым бар», – деген еді актриса.
Қазіргі таңда актриса жүкті екенін ресми түрде растаған алғашқы жазбасын жариялап, желі қолданушыларынан жылы лебіздер мен құттықтаулар қабылдап жатыр.
Фото: instagram.com/almiratursyn