UFC-де жеңіл салмақта уақытша чемпион болған Тони Фергюсон кәсіпқой бокстағы жеңісті жолын жалғастырып келеді.
Америкалық файтер Misfits Boxing 22 турнирінде британдық блогер Уоррен Спенсерді айқын басымдықпен жеңді.
41 жастағы Фергюсон жекпе-жек бойы бастаманы өз қолында ұстап, қарсыласынан басым түсті. Екінші раундта ол Спенсерді нокдаунға жіберсе, бесінші раундта қарсыласын қатты шайқалтты. Алайда финалдық гонг соғылғанша нокаутқа жеткізе алмады.
Бес раунд қорытындысы бойынша төрешілердің шешімі Фергюсонның пайдасына шықты: 49-45, 49-45 және 48-46.
«Маған спортшы болған ұнайды. Ал бокс – барлығыңызға бұл істің қаншалықты қызық екенін көрсетудің тағы бір жолы», – деді Тони Фергюсон жекпе-жектен кейінгі сұхбатында.
Айта кетейік, Misfits Boxing промоутерлік ұйымы блогерлер мен танымал тұлғалар қатысатын жекпе-жектерді ұйымдастыруымен белгілі. Тони Фергюсон бұл лигада тамыз айында дебют жасап, қазіргі таңда екі жекпе-жекте екі жеңіске қол жеткізді.
Еске сала кетсек, Фергюсон өткен жылы UFC ұйымынан сегіз жеңілістен тұратын сериядан кейін кеткен болатын.
