Қазақ КСР Халық артисі, Қазақстанның еңбек ері Асанәлі Әшімов«1001 түн» бағдарламасында қазіргі жұбайы Бағдат Әшімовамен қалай танысқаны және құдалыққа барған күндерін еске алды.
Актердің айтуынша, бастапқыда болашақ жарының отбасы бұл некеге қарсы болған.
«Жаркентке Бағдатты алып кетуге барғанбыз. Ақселеу Сейдімбек, Қадірбек Уәлиев, Әшірбек Сығай бастаған 20 адамды апардым. Себебі әке-шешесі мен бауырлары көнбей, «бермейміз» деді. «Ол 70-те ғой» дейді бауырлары. Ал Бағдат ол кезде 30 жаста еді. Негізі мен 70-те емес, 66-да болатынмын. Сонда бір нағашысы: «Біреулер басқа ұлтқа да үйленіп жатыр ғой, оған қарағанда тәуір емес пе» деп сөз айтты. Мықтыларды апарғаным – мықтылығымызды көрсетейік дегенім ғой», – деді Асанәлі Әшімов.
Ал Бағдат Әшімова бұл кезеңді өз сұхбаттарының бірінде еске алып, актерге деген сезімінің қалай басталғанын баяндаған еді.
Оның айтуынша, алғаш рет дәлізде көргеннен кейін Асанәлі Әшімов оны жиі іздеп, бір күні қасына шақырып алып «Жан бөлек» атты кітабын сыйлаған.
«Кітапты оқып отырып, «мен осы кісіні бақытты ете алар ма едім?» деп ойладым. Кейін ол кісі маған жары болуға ұсыныс жасады. Үйдегілермен ақылдасу үшін уақыт сұрадым. Анам бірден қарсы болды, ағам да ашуланды. Әкем үндемеді. Сол кезде болмайтын шығар деп ойладым. Асекеңе хабарласып айттым, ол «уақыт емші» деді. Уақыт өте келе ата-анама қайта айтып, бұл жолы рұқсаттарын алдым. Сөйтіп шағын той жасап, шаңырақ көтердік», – деген еді Бағдат Әшімова.
Өнер иесінің бұл естелігі көрермендер арасында жылы әсер қалдырып, әлеуметтік желіде кеңінен талқыланды.
