Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Астанада сыртқы кондиционер блогының құлауы салдарынан қаза тапқан 21 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты тергеудің қазіргі барысын баяндап, марқұмның есімін ұлықтауға бағытталған бастамалар туралы айтты.
Министрдің сөзінше, ведомство тергеу жұмыстары жөніндегі ақпаратты тұрақты түрде алып отыр, алайда түпкілікті шешім тек тергеу толық аяқталған соң жарияланады.
Қазір тергеу жүріп жатыр. Бізге жаңа мәліметтер тұрақты түсіп отыр. Бұл оқиға, ең алдымен, құрылыс нормалары мен талаптарының бұзылуына байланысты болуы мүмкін. Тергеушілер кондиционер жабдығын орнату кезінде қандай талаптардың сақталмағанын, кімнің жауапты екенін нақты анықтап жатыр, — деді Әлназарова.
Сонымен қатар министр марқұм фельдшердің есімін есте қалдыру жөніндегі жұмыстар басталғанын хабарлады.
Жедел жәрдем станциясының басшылығымен бірлесіп, Ұлдана оқыған медицина колледжінде оның құрметіне арнайы аудитория ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл — біздің ортақ қайғымыз. Ол медицина қызметкерлерінің бірлігі мен жанкешті еңбегінің символына айналды. Сондай-ақ Ұлдананың қабірінің басына ескерткіш орнату ниетіміз бар, — деді министр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Астанада ғимараттың сыртқы қабырғасы опырылып, адамдарды құтқаруға барған жедел жәрдем фельдшері ауыр жарақат алғаны хабарланған еді. 18 қараша күні 23 жастағы фельдшер ауруханада көз жұмды.
