Танымал тележүргізуші Дана Нұржігіт марқұм, қазақ өнерінің аңызы Асанәлі Әшімов туралы жүрек тебірентерлік естелігімен бөлісті.
Тележүргізушінің айтуынша, желтоқсан айының ортасында жоспарланған түсірілімдер барысында студияға Асанәлі Әшімов қонақ ретінде шақырылған. Бұл – актердің телеарна студиясына соңғы келуі болыпты.
«13—14 желтоқсанға жоспарланған «Өмір өрнегі» хабарының түсірілімдерін бір күнге ғана қойыңдар, 14-і күні студияны «Кешіrec» бағдарламасына босату керек деген бұйрық келді. Бір күнде 3—4 хабарды түсіру оңай емес, дегенмен 13-і күні жұмысымызды бітіріп кеттік. 14-і күні қонаққа Асанәлі ағамыз келген екен. Соңғы рет…» – деп жазды ол.
Дана Нұржігіт сол сәтті еске ала отырып, грим бөлмесінде болған әсерлі жайтты да тілге тиек етеді. Оның айтуынша, Асекең эфирге дайындалып жатқанда: «Қатты боямаңдар» деп әзіл-шыны аралас ескерту жасаған.
Тележүргізуші актердің өмірлік жары Бағдат Әшімоваға ерекше тоқталып, оның Асекеңнің соңғы жылдарын мейірім мен жылуға толтырғанын атап өтті.
«Бағдат жеңгеміз Асекеңнің соңғы жылдарын шуақты етті, бала сыйлады, жағасын кірлетпей, аттан түсірмей, түтінін түзу шығарды. Бір тойда Асекең мен Бағдат ханым бірге келіп, тойдың соңына дейін отырғаны әлі көз алдымда. Асекең жарының ортасының гүлі болып жүргеніне риза болып, сырттай ұзақ қарап отырған еді…» – деп еске алады Дана Нұржігіт.
Жазбасының соңында тележүргізуші терең философиялық ой айтып, Бағдат Әшімоваға сабыр тілейді.
«Өтіп бара жатқан өмір-ай… Десек те, өмір өтпейді. Біз өтеміз өмірден… Бекем болыңыз, Бағдат!» – деп түйіндеді ол.
Бұл жазба әлеуметтік желі қолданушылары арасында кеңінен таралып, Асанәлі Әшімовтің адамгершілігі мен отбасы құндылықтары жайлы жылы пікірлерге толы болды.
