Танымал әнші Ерке Есмахан әлеуметтік желіде өзіне айтылған орынсыз кеңеске жауап қайтарды.
Желі қолданушыларының бірі әншіге жеке пікір қалдырып, «қыз туып ал» деп ақыл айтқан. Құралай есімді оқырманның жазбасы Еркенің шамына тиген.
«Келін емес, бір қыз ту! Қыз бала анаға қамқор. Ақымақ болма. 2 баламен тоқтама. Райм жас қой. Ақымақ болмай 1 қыз ту», – деп жазған ол.
Бұл пікірге жауап берген Ерке Есмахан аталмыш тақырыпқа нақты нүкте қойғысы келетінін айтты.
«“Ақымақ болма” дегені несі? Осы “қыз ту” деген тақырыпқа нүкте қояйықшы, өтініш!
Мен тағы жүкті болсам да, Алла тағы ұл бұйыртса, сол кезде кімге ренжисіз? Кімді ақымақ санайсыз? Неге Құдайдың рөліне кіріп кетесіздер?
Мен екі жыл қатарынан аяғым ауыр болды. Өзімнің босанғаныма бар болғаны 6 ай ғана өтті. Жанталасып қыз керек деп ЭКО жасап, түрлі ем-домға жүгінгім келмейді. Күйеуіміз екеуміз дініміз де, деніміз де сау, шүкір.
Уақыт өте Алланың қалауымен ұл бола ма, қыз бола ма – көрерміз. Ал егер жазбаса, жазбайды. Осы үш ұлдың қызығын көруді нәсіп етсін!
Сәбиге зар болып жүрген қаншама отбасы бар. Тек қызы бар, ұлы жоқ немесе керісінше отбасылар да өмір сүріп жатыр. Неге артық әңгіме айтамыз?
Қыз болсын, ұл болсын – ең бастысы сана берсін. Кім кімге қамқор болатынын уақыт көрсетеді. Асылық сөйлеуден аулақ болыңыздар. Біз өз өмірімізді сүрейік, сіздер де өз өмірлеріңізді сүріңіздер. Өтініш!» – деп жазды әнші.
Ерке Есмаханның бұл жазбасы желіде кең қолдау тауып, көпшілік оның жеке өміріне орынсыз араласуға болмайтынын алға тартты.
