Танымал әнші Қайрат Нұртастың анасы әрі продюсері Гүлзира Айдарбекова ұлының соңғы концерті өтті деген қауесетке ашық жауап берді.
Алматыдағы Орталық стадионда өткен шоуынан кейін желіде «Қайраттың соңғы концерті» деген ақпарат тарап, көптің талқысына түскен еді. Бұл сөздер продюсердің шамына тиген.
Гүлзира Айдарбекова Instagram парақшасында бұл қауесетке наразылығын білдірді:
«Мынау не деген сұмдық? «Соңғы концерті» дегені несі? Кішкене ұят болу керек қой. “Біреуге өлім тілегенше, өзіңе өмір тіле” деген. Ана жүрегімді тілгілей бергенде қарағайдай мүйіз шыға ма, осы хайп жасағыштарға, әлде халық алғыс айтып үстілеріне шапан жаба ма екен?»
Продюсер өсек таратушыларды жауапкершілікке шақырды.
«Күніге сан түрлі өсек… шыдамның да шегі бар. Біз де ет пен сүйектен жаратылған адамбыз. Не болды сонша? Дұрыс дүние жазып, жақсы ойласа екен админдар. Неше түрлі заң шығып жатыр, неге мұндай алаяқтарға заң жоқ?» – деп жазды Айдарбекова.
Айта кетейік, Қайрат Нұртастың Алматыда өткен концерті аншлагпен өтіп, көп көрермен жинаған болатын.
