Танымал әнші Қарақат Әбілдина Алматыда өтетін мәдени шараға ұшып бара алмай қалғанын мәлімдеп, әуе компаниясының жұмысына наразылығын білдірді.
Әншінің айтуынша, аталмыш іс-шараға шақырту үш ай бұрын алынған және билет те алдын ала сатып алынған. Алайда жоспарланған рейс бірнеше рет кейінге шегеріліп, Әбілдина Алматыға уақытында жете алмаған.
«2–3 сағаттық кешігуді түсіну қиын емес. Бірақ кеше жағдай тым ұзаққа созылды. Әуежайда он сағат бойы отырдық. Басшылық тарапынан ешкім түсіндіру жұмыстарын жүргізген жоқ, кешірім де сұралмады. Біз іс-шараның маңызды екенін айтып, барлық жағдайды түсіндірдік. Дегенмен ешқандай баламалы шешім ұсынылмады», – деді әнші.
Әбілдина іс-шара ұйымдастырушылары алдын ала гонорар төлегенін, енді өзінен сол қаражатты қайтаруды талап етіп отырғанын айтты.
«Бұл жерде біздің кінәміз жоқ. Бір компанияның салғырттығының кесірінен бірнеше адам шығынға батты. Қонақүй де төленген еді. Сенімді компания бола тұра, жолаушыларға деген жауапкершілік танытпауы қынжылтады», – деп мәлімдеді ол.
Әнші әуе компаниясының ресми жауабын жеке парақшасында жариялағанын, алайда берілген түсіндірмеге қанағаттанбағанын жеткізді.
Әуе компаниясы бұл жағдайға қатысты әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.
