Әлеуметтік желілерде V $ X V PRiNCE лақап атымен танылған қазақстандық рэпер Асхат Рысбеков (Асха Принц) пен қырғызстандық әнші Ния төңірегінде шу туды. Бұл дау Алматыда өткен Dequine концерті кезінде болған тосын сәттен кейін өрбіді. Концерт барысында Ния ән айтып жатқанда, Асха сахнаға күтпеген жерден көтеріліп, тыңдармандарды таңғалдырған. Кейін Dequine бұл эпизодтың алдын ала жоспарланбағанын мәлімдеді. Осыдан соң екі әртістің қарым-қатынасы жұрт назарына ілікті.
Ния (шын есімі — Дания Эмиль) — Қырғызстаннан шыққан рэп-орындаушы. Ол Асха Принцпен бірге Eyes және Price атты тректерді жазып, миллиондаған қаралым жинаған. Әуелде бұл дуэт табысты шығармашылық тандем ретінде бағаланғанымен, кейін тыңдармандар олардың арасында музыкадан бөлек байланыс барын болжай бастады. Айта кетсек, Асха үйленген, үш баланың әкесі.
Даудың өршуіне қазақстандық рэпер Say Mo-ның жеке концерті де себеп болды. Ол сахнада орындаған трегінде:
Дорогая, надеюсь, ты же знаешь, что он женат. Солидарность женская, но делишь с ними кровать («Қымбаттым, оның үйленгенін білесің ғой? Әйелдік бірлікті ұмыттың ба, ал сен онымен төсектес болдың…») — деген жолдар бар.
Көпшілік бұл сөздер арқылы Say Mo Нияны меңзеп отыр деп топшылады. Оның тағы бір әніндегі «Менің үнсіздігім біреудің отбасын сақтап тұр» деген тармақ та тыңдармандардың күдігін күшейтті. Кейін рэпер TikTok-та “Папина любовница” атты бейнежазба жариялап, астына «Сатқын еркектер мен олардың ақымақ ашыналарын әшкерелеу уақыты келді» деп жазған.
Ал Асха Принцтің жұбайы, музыкант Ұлдана Үсенова әлеуметтік желіде үн қатып, отбасын бұзуға тырысқан әйел жайлы ашық пікір білдірді:
Ер адамның үйленгенін, оның жары мен балалары барын біле тұра оған жабысып, мансап үшін бәріне бару — ұят емес пе? Кейін күн сайын “қашан ажырасасың?” деп қыспаққа алу… Мұндай адамды қалай атауға болады? — деп жазды ол.
Асха Принц болса, Instagram Stories-те қысқа ғана жазба қалдырған:
«Тіпті бүкіл әлем жек көрсе де болсын».
Бұл оқиға әлеуметтік желілерде қызу талқылануда. Кейбір қолданушылар Нияны қорғап, Say Mo-ның айтқандарын «негізсіз айыптау» деп санаса, басқалары «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деген пікірде.
