Танымал актриса әрі продюсер Дариға Бадықова әлеуметтік желідегі парақшасында қазақ киносының қазіргі жағдайы мен болашағы жайлы ой бөлісті. Өнер иесі әріптестер арасындағы көреалмаушылық пен әділетсіздік кино саласына кері әсерін тигізіп жатқанын ашық жазды.
Бадықова кино әлеміне алғаш келген кезінде өзіне сенім артып, бағыт-бағдар көрсеткен тұлға ретінде режиссер Алмаз Малдыбаевты ерекше атап өтті.
«Киноға алғаш қадам басқан сәтімде мені сеніммен қарсы алып, жол сілтеген, шабыт берген адам – Алмаз аға Малдыбаев еді. Сол кісінің жылы сөзі мен сенімі мен үшін үлкен демеу болды. Алмаз аға – қазақ киносының діңгегі, жүйе қалыптастырған, таланттарға жол ашқан тұлға. Ол кино саласын тұрақтылық пен кәсібилікке, әлемдік деңгейге бағыттаған адамдардың бірі», – деп жазды актриса.
Сондай-ақ Дариға Бадықова соңғы уақытта кино саласында болып жатқан түрлі пікір мен әділетсіз бағаларға байланысты үнсіз қала алмайтынын жеткізді.
«Қазір түрлі әңгіме көбейіп кеткен тұста мен үндемей қала алмадым. Өйткені өнерде ең маңыздысы – әділдік пен адамдық. Бір адамның еңбегін бағаламау – тұтас саланың дамуына кедергі», – деді ол.
