«Ақтөбе» клубының жартылай қорғаушысы Еркебұлан Сейдахмет мансабын «Таразда» жалғастыруы мүмкін.
Бірінші лигада ойнайтын тараздық клуб футболшымен келіссөз жүргізілгенін растады. Клуб директоры Дидар Сыдықбектің айтуынша, Сейдахметке келісімшарт ұсынылған, ал түпкілікті шешім жақын уақытта белгілі болады.
Еркебұланмен «Таразға» қайта оралу мәселесін талқыладық. Келісімшарт жолданды, қазір жауабын күтіп отырмыз. Оның «Ақтөбемен» жарамды келісімшарты бар, алайда мәселе шешілсе, ол туған клубына қайта оралуы мүмкін, – деді Сыдықбек.
25 жастағы жартылай қорғаушы – Тараз футболының түлегі. Ол «Ақтөбеге» 2025 жылдың ақпан айында «Қайраттан» ауысқан. Өткен маусымда барлық турнирде 18 матч өткізіп, 1 гол соғып, 4 нәтижелі пас берген.
