Әйгілі британиялық жаттықтырушы Роб Маккрэккен қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің International Boxing Hall of Fame (Халықаралық бокс даңқ залы) тізіміне енгізілуге толық лайық екенін айтты.
Головкин Бокс даңқ залынан 100% лайықты орын алуы керек. Оның Сауль Альвареспен жекпе-жектері — соның айғағы. Керемет боксшы, фантастикалық, әрі өте мықты панчер. Жоғары деңгейде соққы жасай алады және қарсыласқа үлкен қысым көрсетеді. Осы қасиеттері оны өзгелерден ерекшелендіріп тұрады. Сонымен қатар ол өте талантты спортшы, — деді Маккрэккен екінші орта салмақтағы бұрынғы біріккен чемпион Карл Фрочпен сұхбатында.
Головкиннің кәсіпқой бокстағы жетістіктері
Кәсіпқой рингте GGG 42 жекпе-жек өткізіп, соның 37-сінде нокаутпен жеңіске жеткен. Екі рет жеңіліп, бір кездесу тең аяқталған. Ол орта салмақта World Boxing Council (WBC), World Boxing Association (WBA), International Boxing Federation (IBF) және International Boxing Organization (IBO) чемпиондық белбеулерінің иегері атанған.
Головкин орта салмақ тарихындағы ең жоғары нокаут пайызы бойынша Guinness World Records кітабына енген. Сондай-ақ ол аңызға айналған Бернард Хопкинстің рекордын жаңартып, чемпиондық атағын 21 рет қорғаған.