Ресейлік футбол маманы Артем Шмельков Қазақстан құрамасының тарихындағы ең үздік бомбардир Бахтиёр Зайнутдиновтың Мәскеудің «Динамо» клубындағы жағдайына қатысты ойын білдірді.
Шмельков ASnews.kz сайтына берген сұхбатында Зайнутдиновтың негізгі қиындықтарының бірі – оның жарақаты.
«Басты мәселе – бапкердің ауысуы емес, оның денсаулығы. Әйтпесе, нағыз жұлдызы жарқырайтын шағында. Бірақ соңғы үш маусымның екеуін жарақатпен өткізді. Толыққанды ойнаған жалғыз маусымы – «Бешикташ» командасындағы кезең. Бұл алаңдатады», – деді сарапшы.
Сарапшы Зайнутдиновтың әлеуеті мүлде басқа орында ашылатынын айтады.
«Ол – ақылды, жан-жақты ойыншы. Бірақ орталық қорғаушы емес. Карпин неге оны қорғаныс орталығына қойды – түсінбеймін. «Динамода» қорғаныста тұрақсыздық болды: қай ойыншыны қойсаң да сенімді көрінбеді. Сол себепті Баханы бұл позицияға қою – оны «подставить» етумен бірдей», – дейді маман.
Шмельковтың пікірінше, Зайнутдинов орталық алаңда немесе флангта әлдеқайда пайдалы болар еді.
«Ол – шабыт беретін, шығармашылыққа бейім футболшы. Неге сол жақ қорғаушы орнындағы бәсекеге түсіп көрмеске? Онда аса мықты ойыншылар жоқ. Рубенс пен Скопинцев – жақсы, бірақ Лаксальт секілді позицияны тас қып бекітетін деңгейде емес», – дейді ол.
Зайнутдинов биыл жазда Валерий Карпиннің шақыртуымен «Динамоға» келген еді. Қазір команданы Ролан Гусев жаттықтырады.
Алайда Қазақстан футболының жұлдызы жаңа клубында өзін толық көрсете алған жоқ:
- 10 матч
- Гол немесе ассист – 0
- Екі рет жіберілген гол тікелей оның қателігінен
- Жарақат салдарынан 2 ай жасыл алаңға шыға алмады
Бахтиёр Зайнутдинов – Қазақстан футболының ең жарқын ойыншыларының бірі. Бірақ «Динамодағы» қазіргі жағдай оның әлеуетін толық ашуға мүмкіндік бермей тұрған сияқты. Сарапшылар да, жанкүйерлер де оның өзіне табиғи әрі ыңғайлы позицияда ойнағанын қалайды.
