Beksports спорт порталы
Басты ақпаратБоксЖаңалықтар

Геннадий Головкин World Boxing ұйымының президенті қызметіне өз бағдарламасын ұсынды

Фото: olympic.kz

Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің басшысы, әйгілі боксшы Геннадий Головкин World Boxing ұйымының президенті қызметіне кандидат ретінде өзінің бағдарламасын таныстырды.

Головкиннің айтуынша, ол ұйымның Олимпиадалық комиссиясының төрағасы ретінде әріптестерімен бірге жаңа елдерді тарту бағытында белсенді жұмыс атқарған. Соның нәтижесінде World Boxing ұйымы Халықаралық олимпиадалық комитеттен (ХОК) уақытша тану мәртебесін алып, бокстың 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасы бағдарламасында сақталуына қол жеткізген.

«Сіздердің сенімдеріңіздің арқасында мен бокстың олимпиададағы болашағын тек Лос-Анджелес2028 ойындарында ғана емес, келесі олимпиадаларда да қамтамасыз етуге тырысамын. Сондай-ақ World Boxing ұйымының ХОК тарапынан толық мойындалуына қол жеткізу – басты мақсатым», – деді Головкин.

Ол өз бағдарламасында мына негізгі бағыттарды ұсынды:

  • 2026 жылдың басына дейін дауыс беру құқығы бар World Boxing спортшылар кеңесін құру;
  • Судьялық және бақылау жүйесін тәуелсіз әрі әділ ету арқылы спортшылардың құқықтарын қорғау;
  • Спортшылар мен бапкерлерге арналған World Boxing білім академиясын іске қосу;
  • Оқу бағдарламаларын сертификаттау және мақсатты гранттар бөлу.

World Boxing президентін сайлау 23 қарашада Рим қаласында өтетін ұйымның дүниежүзілік конгресінде өтеді. Головкиннің басты қарсыласы – Грекия бокс федерациясының басшысы Мариолис Харилаос.

«Қадамым нық болуы үшін маған сенім артуларыңызды сұраймын. Біз спортшылар сенетін, жанкүйерлер мақтан тұтатын және Олимпиадалық отбасы сенім артатын ұйым болуымыз керек. Егер осы жауапкершілікті маған сеніп тапсырсаңыздар, мен өз қызметімді әділдікпен, сеніммен және өмір бойы спортта қалыптастырған тәртіппен атқарамын», – деп атап өтті Головкин.

Ол сондай-ақ World Boxing ұйымын мықты, ашық және спортшыларға бағытталған ұйымға айналдыруға болатынын айтты.

Ұқсас жаңалықтар

Күн сайын түрме мен аурухананың арасында жүрдім – Баян Есентаеваның үлкен қызы

Redaktor

Шавкат Рахмоновтың менеджері келесі жекпе жегі жайында айтты

Redaktor

Жәнібек Әлімханұлымен жұдырықтасудан қашқан боксшы оңбай жеңілді

Redaktor

Пікір жазу