Beksports спорт порталы
БоксЖаңалықтар

Танымал боксшы Марат Мәзімбаевтың жары өмірден өтті

IBA нұсқасы бойынша екінші аса жеңіл салмақта әлем чемпионы болған Марат Мәзімбаевтың бірге отасқан жұбайы Жанна Мәзімбаева өмірден өтті.

Боксшы жұбайымен 2001 жылы отасқан. Осы уақыт аралығында алты баланың ата-анасы атанып үлгерді. Марқұмның артында төрт қыз, екі ұлы қалды.

«Алматы қаласында оқып жүрген кезім болатын. Тығыз шаруалармен Тараз қаласына баруым керек болды. Тірлігім бір күнде бітпейтіндіктен, түнейтін үй іздестірдім. Өзім Жамбыл облысы Қордай ауданының тумасы болсам да Тараз қаласында тұратын туысым жоқ еді. Сосын Алматыда  бірге оқып жүрген досыммен ақылдастым. Сұрастырып көрсем оның Таразда туысы бар болып шықты. Келісе келе екеуміз Таразға бірге баратын болдық. Шаруаларымды бітіріп болған соң досым екеуміз туысының үйіне бардық. Үй егелері ашық-жарқын жүзді жандар екен, келген қонақтарды құшақ жая қарсы алып, ас-дәмін ұсынды. Бір кезде ары-бері тірлік жасап жүрген сол үйдің бойжеткен қызына көзім түсіп кетті. Сүп-сүйкімді қыз екен. Сол күні онымен танысып, сөйлесіп үлгердік. Не керек, содан кейін екеуміз біраз уақыт кездесіп жүрдік. Оны Алматыға шақыртып, бірге киноға, кафеге бардық. Бір-бірімізді етене жақын танып, сырлас адамдарға айналдық. Жаннамен өмірлік серік болуға шешім қабылдадым. Қарындасына ғашық екенімді досыма ашық айтайын деп шештім. Алғашқыда мұндай жаңалықты естігенде ол біраз түсінбестік танытып, қарсылық білдірген болатын. Сірә, екеумізден жақын қарым-қатынасты күтпесе керек. Бірақ досыма оған деген сезімімнің шынайы  екенін, онымен бірге шаңырақ көтеріп, бақытты ғұмыр кешкім келетінін айтқаннан кейін барып, келісімін берді. Жасым жиырма алтыда еді. Шынымды айтсам өзге ғашықтар секілді ел аралап, қыдырып жүруге уақытым болмады. Үйленетін жасқа да келіп қалдым. Бір күні Жаннаға маған тұрмысқа шығуына ұсыныс жасадым. Көп ұзамай ол келісімін беріп, отау құрдық», — деген еді боксшы бір сұхбатында.

Марат Мәзімбаев үйлену тойы Қордайдағы мектеп асханасында өткенін, жұбайын қатты жақсы көретінін айтқан еді.

«Жаннаны ерекше бір құрметтейтін тұсым оның тазалықты сүйетіні. Қаншалықты тығыз шаруасы болып немесе  шаршап тұрса да үй ішін мұнтаздай етіп, киімдерді тап-таза етіп отырады. Үй шаруасын тез үйлестіріп әкете алады. Ісінде ешқандай шалалық болған емес. Алайда алғаш үйлеген жылдары аздап қызғанып тұратыны бар еді. Көшеде, қоғамдық көліктерде халық мені танып, қолтаңба сұрап, кейде бірге суретке түсулерін өтініп жатады. Сондай сәттерде Жанар кәдімгідей қызғаныш сезімін білдіріп қояды. Әрине, әйел адамы болған соң қызғаныш сезімнің болуы заңды. Бұл ерлі-зайыптылардың арасындағы қалыпты құбылыс. Бірақ осы күнге дейін қатты ренжісіп, артық кеткен емеспіз. Өзара түсіністік қалыптасса  отбасы да берік болады емес пе?» — дейді ол.

Айта кетейік, Марат Мәзімбаев кәсіби мансабын 2000 жылы бастады. Ол рингте 25 жекпе-жек өткізіп, соның 20-сында жеңіске жетті (оның 14-ін нокаутпен аяқтады), төрт рет жеңілді, ал бір кездесу тең нәтижемен аяқталды.

Мәзімбаевтың жекпе-жектерінің басым бөлігі Ресейде өтті. Сондай-ақ ол Қазақстанда және АҚШ-та үш реттен жұдырықтасып, тағы бір кездесуін Тайландта өткізді.

Мансабы барысында Мәзімбаев екінші аса жеңіл салмақта WBO Inter-Continental аймақтық белбеуінің иегері атанып, ал жеңіл салмақта IBF Inter-Continental атағына үміткер болды.

 

Ұқсас жаңалықтар

Ресми: Қазақстан тағы бір спорт түрінен әлем чемпионатын қабылдайтын болды

Redaktor

Темірлан Анарбеков әлемнің үздік ойыншыларының арасында екінші орынға көтерілді

Redaktor

Шерхан Қалмырза пенальти қайтарған матчта Қазақстан құрамасы жеңіліп қалды

Redaktor

Пікір жазу