Алматылық «Қайрат» клубының иесі Қайрат Боранбаев жас қақпашы Шерхан Қалмырзаның соңғы матчтардағы ойынына оң бағасын берді.
18 жастағы қақпашы соңғы уақытта негізгі құрамда тұрақты ойнап жүр. Бұған дейін жарақат алған Александр Заруцкий мен Темірлан Анарбековтің орнына шыққан Шерхан күтпеген жерден басты қақпашыға айналып, сенімді ойынымен көзге түсті.
Жас ойыншы «Қайраттың» Чемпиондар лигасындағы лиссабондық «Спортингке» (1:4) және мадридтік «Реалға» (0:5) қарсы кездесулерінде қақпаны қорғаған болатын.
Қалмырза ерекше мүмкіндік алды. Иә, бұл мүмкіндік негізгі ойыншылардың жарақатына байланысты туғаны өкінішті, бірақ Шерхан өзін өте сенімді көрсетіп жүр. Біз оның ойынына риза болдық – ол расымен жақсы қақпашы. Кейде алаңдағы сәттерде ішімізден күліп қоямыз: Тек жарақат болмасын, әйтпесе қақпада 16 жастағы бала қалуы мүмкін ғой, – деп әзілдеді Боранбаев.
Ол сондай-ақ жастарға сенім арту – клуб саясатының маңызды бөлігі екенін атап өтті:
Біз жас ойыншыларға сенім арта алатынымызды көріп отырмыз. Әрине, тәжірибе аз, бірақ ынта мен деңгей қуантады. Шерхан Бірінші лигада «Қайрат-Жастар» сапында ойнап, ересектер футболының қарқынын сезінді. «Селтик» пен “Реал Мадрид” деңгейі басқа, бірақ ол бұл сынға төтеп берді. Ең бастысы – команда оны толық қолдап, сенім беріп отыр, – деді Боранбаев.