Танымал қазақстандық актриса Фариза Ескермес ана болу тақырыбындағы ішкі алаңдаушылығын алғаш рет ашық айтып, қоғамда қызу талқылауға себеп болды.
Ол «Айтарым бар» подкастында жүргізуші Жанерке Сейфуллаға берген сұхбатында бұл мәселені бұрын-соңды мұндай деңгейде көпшілік алдында қозғамағанын жеткізді.
Актрисаның айтуынша, ана атану – оның өміріндегі ең ауыр әрі ең үлкен жауапкершіліктердің бірі.
«Мен он жыл бойы жалғыз тұрдым, ерте кеттім үйден. Бірақ ана болуға қорқамын. Бұл қорқыныш ана болмайынша кетпейтін сияқты. Тіпті бір жылдай психологқа барып, осы сұрақпен жұмыс істедім. Өйткені жай ғана бала туа салу мен үшін дұрыс емес. Оған дайын болу керек деп ойлаймын», – деді ол.
Сондай-ақ Фариза Ескермес тұрмыс құруға да ұзақ уақыт моральдық тұрғыда дайын болмағанын жасырмады. Оның сөзінше, қоғамда қалыптасқан «келін» ұғымына қатысты түсініктер де өз таңдауына әсер еткен.
«Қыз тұрмысқа шықса, келін болады. Ал келін деген – кейде құл сияқты қабылданады ғой. Сол түсініктен қорықтым. Мүмкін сондықтан болар, мен отыз жасымда ғана тұрмысқа шықтым», – дейді актриса.
Бұл сұхбат әлеуметтік желіде түрлі пікір тудырды. Бірі актрисаның шынайылығы мен саналы көзқарасын қолдаса, енді бірі оның ойымен келіспейтінін білдірді.
Пікір білдірушілер арасында:
«Осындай ойлайтын адамдар керемет жауапты ана болады»,, «Баланы Алла береді, бәрі өз уақытымен», «Бұл – эгоизм емес, саналы шешім», «Алты бала тудым, бірде-бір рет бұлай ойламаппын» деген көзқарастар айтылды.
Фариза Ескерместің бұл сұхбаты ана болу тақырыбындағы көп айтыла бермейтін ішкі қорқыныш пен жауапкершілік мәселесін ашық көтеруімен ерекшеленді. Актрисаның ойы біреулерге ой салса, енді біреулерге өз өмірлік таңдауларына қайта көз жүгіртуге түрткі болды.
