«Арландар» футбол клубы Португалия футболымен тығыз байланыс орнатып, бірлесіп жұмыс істеп келе жатқанына биыл 10 жыл толып отыр. Осы жылдардағы еңбегі үшін клуб Лиссабон футбол қауымдастығының 100 жылдық мерейтойлық медалімен марапатталды.
Қазіргі таңда клубтың 4 шәкірті Португалияның түрлі деңгейдегі футбол академияларында білім алуда. Олар ресми футболшы лицензиясын иеленіп, ФИФА жүйесінде тіркелген. Мұндай көрсеткішке Қазақстанда ешбір клуб қол жеткізбеген.
Сонымен қатар, «Арландар» Португалиядағы «Брагалона» футбол клубының құрылтайшысы болып табылады және тағы екі португалиялық клубпен әріптестік келісім орнатқан.
Биыл клуб үлкен жетістікке жетіп, әлемдегі ең ірі балалар футбол турнирі — IberCup жарысына Қазақстан атынан тұңғыш рет қатысты. Іріктеу кезеңі — IberCup Estoril турниріне 50-ге жуық елден 500-ге тарта команда қатысқан. Солардың ішінде тек «Арландар» ғана футбол қауымдастығы тарапынан ресми қабылдауға ие болып, футбол музейіне арнайы экскурсия жасады және ерекше құрметке ие болды.
Биылдан бастап клуб тек балаларды ғана емес, 18 жастан асқан футболшыларды да Португалиядағы кәсіби клубтарға байқауға апарып, сонымен қатар жоғары оқу орындарына түсуге көмектесетін бағытты жолға қойды.
Қазіргі таңда «Арландар» футбол клубында 7 жастан 17 жасқа дейінгі жасөспірімдерден құралған командалар мен қыздар командасы тұрақты жаттығады. Клуб отандық футболды дамыту бағытында қарқынды дамып келеді.