Beksports спорт порталы
ЖаңалықтарФутбол

«Жеңілсек – трагедия». Ван ’т Схип Молдовамен матч алдында мәлімдеме жасады

Фото: ҚФФ

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Джон ван ’т Схип Ұлттар лигасындағы Молдоваға қарсы матч алдында өткен баспасөз мәслихатында команданың дайындығы, футболшылардың жағдайы және өзіне айтылған сын туралы пікір білдірді.

2 қазанда Қазақстан құрамасы Астанада Молдованы қабылдайды. Бұл ван ’т Схип үшін ұлттық құрама тізгініндегі алғашқы үй матчы болмақ.

Баспасөз мәслихатында журналист бас бапкерден Молдованы жеңе алмау Қазақстан үшін «трагедия» ретінде қабылданатынын түсіне ме деп сұрады.

«Иә, мұны жақсы түсінемін. Мен футболда 50 жылдан астам уақыт жүрмін, оның 30 жылдан астамын бапкерлік қызметке арнадым», – деді ван ’т Схип.

«Үш ұпай алуымыз керек»

Нидерландтық маман Молдоваға қарсы кездесудің маңызы жоғары екенін атап өтті.

«Бұл алғашқы екі матчтан кейінгі өте маңызды ойын. Молдова – 5-3-2 немесе 5-3-1-1 жүйесімен ойнайтын, жақсы ұйымдасқан команда. Сондықтан біз өз шешімдерімізді тауып, үш ұпай алуымыз керек», – деді бас бапкер.

Оның айтуынша, Қазақстан алдыңғы екі кездесуде ойынның белгілі бір негізін қалыптастыра алған. Дегенмен нәтиже жағынан командаға әлі де қосу қажет.

Ван ’т Схип үйдегі кездесуде Қазақстан құрамасы шабуылға көбірек көңіл бөлетінін де жасырмады. Сонымен қатар ол Молдованың қарымта шабуылдарда қауіп төндіре алатынын ескертті.

Самородовтың ойнауы белгісіз

Бас бапкер шабуылшы Максим Самородовтың жағдайына да тоқталды. Футболшы әзірге жалпы топпен толыққанды жаттығу өткізбеген.

«Макс жалпы топпен жаттыққан жоқ. Бүгін кешке оның жағдайын тағы бағалап, содан кейін ғана шешім қабылдаймыз», – деді маман.

Ал дисквалификацияға байланысты матчты өткізіп алатын Исламбек Қуатты кім алмастыратынын ван ’т Схип нақтылаған жоқ. Оның сөзінше, Георгий Жуков бос қалған орынға үміткер футболшылардың бірі.

Бауыржан Исламханның жағдайы жақсарған. Егер ол матч алдындағы соңғы жаттығуды сәтті өткізсе, Молдоваға қарсы ойынның өтініміне енуі мүмкін.

Покатиловқа қатысты сынға жауап берді

Словакиямен өткен кездесуден кейін сынға қалған қақпашы Стас Покатилов туралы да сұрақ қойылды. Алайда бас бапкер Молдоваға қарсы матчта қақпаны кім қорғайтынын айтпады.

«Стас алғашқы екі ойында қақпада тұрды және оның өте жақсы сәттері болды. Даулы жағдай болған кезде бір адамды кінәлау оңай. Меніңше, ол басқа ойыншылар секілді өз жұмысын жақсы атқарды. Ал ертең қақпада кім тұратынын матчта көресіздер», – деді ван ’т Схип.

Байсуфиновпен салыстыруға қатысты пікір білдірді

Баспасөз мәслихатында ван ’т Схипті Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Талғат Байсуфиновпен салыстыру мәселесі де көтерілді. Журналист бұрынғы бапкер сырт алаңдағы екі кездесуде көбірек ұпай жинауы мүмкін еді деген пікір айтты.

«Бұрынғы бапкер Фарер аралдарын жеңіп, Словакиямен тең ойнайтын еді деп болжағаныңыз қызық екен. Мен мұнда жаңадан келдім. Өз жолыммен келе жатырмын және жанымда тамаша көмекшілерім бар. Қазір біздің бар назарымыз Молдоваға қарсы матчқа бағытталған», – деді ол.

Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының алғашқы екі турында бір ұпай жинады. Команда сырт алаңда Фарер аралдарымен 1:1 есебімен тең түсіп, кейін Словакияға 1:2 есебімен жол берді. Молдова құрамасының еншісінде де бір ұпай бар.

Қазақстан – Молдова кездесуі 2 қазанда Астанадағы «Астана Арена» стадионында өтеді. Матч сағат 19:00-де басталады.

Әділет Сапарбекұлы

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан футбол федерациясының президенті сайланды

Redaktor

«Маған әр қазақ қымбат!»: Жәнібек Әлімханұлы жекпе-жек алдында маңызды үндеу жасады

Redaktor

Абиба Әбужақынова 2025 жылды бірінші орынмен аяқтады

Redaktor