Beksports спорт порталы
ЖаңалықтарТеннис

20 жастағы Асылжан Арыстанбекова ересектер арасындағы алғашқы титулын иеленді

Фото: әлеуметтік желі

Қазақстандық теннисші Асылжан Арыстанбекова Астанада өткен халықаралық World Tennis Tour W15 «ASU Open» турнирінде жеңімпаз атанып, ересектер арасындағы жекелей сында мансабындағы алғашқы халықаралық титулына қол жеткізді.

20 жастағы қазақстандық теннисші финалда Оңтүстік Корея өкілі, әлемдік рейтингте кезінде 114-орынға дейін көтерілген тәжірибелі Чан Су Джонмен кездесті. Аустралия ашық чемпионатында өнер көрсеткен 31 жастағы қарсыласына қарамастан, Асылжан шешуші кездесуде сенімді ойын көрсетті.

Бірінші сетте Чан Су Джон 2:0, кейін 3:1 есебімен алға шықты. Алайда Арыстанбекова ойын барысын өзгертіп, қатарынан бес геймді өз пайдасына шешті. Нәтижесінде алғашқы партия қазақстандық теннисшінің пайдасына 6:3 есебімен аяқталды.

Екінші сетте Асылжан қарқынын одан әрі үдетіп, бірден 4:0 есебімен алға шықты. Оңтүстіккореялық спортшы бір брейк жасағанымен, матчтың тағдырын өзгерте алмады. Арыстанбекова екінші партияны 6:1 есебімен түйіндеп, чемпиондық атаққа ие болды.

Бұл – Асылжан Арыстанбекованың World Tennis Tour аясындағы ересектер арасындағы жекелей сында жеңіп алған алғашқы титулы.

Қазақстандық теннисшінің чемпиондыққа дейінгі жолы да оңай болған жоқ. Ширек финалда ол жасөспірімдер арасындағы Уимблдон чемпионы Анна Пушкареваны 6:4, 6:4 есебімен жарыстан шығарды. Жартылай финалда «ASU Open» турнирінің бірінші аптасында топ жарған Эдда Мамедовамен кездесіп, қарсыласы екінші сетте ойынды жалғастыра алмағаннан кейін финалға жолдама алды.

Арыстанбекованың бұл жетістігі оның ересектер арасындағы мансабындағы маңызды белес саналады. Бұған дейін қазақстандық спортшы жұптық сында W15 деңгейіндегі турнирлерде бірнеше рет жеңімпаз атанып, биыл әпкесі Еркежан Арыстанбековамен бірге Қазақстанның жазғы чемпионатында да топ жарған еді.

Астанада Асылжан бірден екі бірдей титулға қол жеткізуге жақын болды. Жұптық сында ол Іңкәр Дүйсебаймен бірге финалға дейін жетті. Алайда шешуші кездесуде қазақстандық жұп Оңтүстік Корея өкілдері Хи Рэ Им мен Ын Чэ Кимге 5:7, 3:6 есебімен есе жіберді.

Ерлер арасындағы жекелей сында қазақстандық Дамир Жалғасбай да финалда өнер көрсетті. Ол чемпиондық матчта жапониялық Шунсуке Мицуиге 5:7, 2:6 есебімен жол берді. Жалғасбай Даниал Рахматуллаевпен бірге жұптық сында да финалға дейін жетті.

Осылайша, қазақстандық теннисшілер «ASU Open» турнирінің екінші аптасындағы төрт бірдей финалда ел намысын қорғады. Аптаның басты жетістігі – Асылжан Арыстанбекованың жекелей сындағы тарихи жеңісі болды.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстандық төреші Грузия-Ирландия матчына тағайындалды

Redaktor

«Қайрат» жеңіске жете алмады

Redaktor

Данияр Елеусінов Еркебұлан Тоқтармен жекпе-жекке қатысты пікір білдірді

Redaktor