Танымал ММА файтері Қуат Хамитов Namys Fighting YouTube арнасына берген сұхбатында Қазақстан футболының қазіргі жағдайына және ұлттық құраманың болашағына қатысты пікір білдірді. Спортшының айтуынша, ел футболы жүйелі дағдарысқа тап болған, ал «жас буын өсіп келеді» деген әңгімелер — бос үміт қана.
«Қайтадан жеңілді. Кеше біреулер маған айтты: «Қуат, сен қателесесің, жастар өсіп келеді, бәрі алда». Қайдағы жастар? Олар Андорра ма, Лихтенштейн бе, аты-жөнін де білмеймін, сондай елдерден жеңілді. Ал ол командалар алты жыл бойы жеңіске жетпеген! Кеше біздің «Қайраттық» жастарды тас-талқан етті. Сонда мен қай жерден қателестім? Барлығы жеңіліп жатыр әрі бұл енді ғана басталды», — деді спортшы.
Файтер футболшылардың өзін еуропалық жұлдыздармен салыстыруын орынсыз деп есептейді.
«Олар өздерін Еуропаның мықты елдерімен, Чемпиондар лигасында ойнайтын клубтармен салыстырғанды ұнатады. Бірақ айырмашылық мынада: олар өз халқын тонамайды. Мен Роналдуның Португалия халқының миллиардтарын ұрлап, кейін «Спортинг», «Реал» немесе «Әл-Иттихад» клубтарында ойнағанын естіген емеспін. Ондай нәрсе болмайды», — деді Хамитов.
Айта кетейік, соңғы уақытта қазақстандық жастар құрамаларының нәтижелері көңіл көншітпейді.
-
U-21 құрамасы Өзбекстанға екі жолдастық кездесуде (0:1 және 1:3) жеңілді;
-
Бұған дейін Еуро-2027 іріктеу кезеңінде Андорра құрамасынан да (0:1) ұтылған болатын.
Файтердің айтуынша, бұл нәтиже ел футболындағы терең жүйелі мәселелердің көрінісі ғана.