Париж Олимпиадасының чемпионы, әйгілі дзюдошы Елдос Сметов жақын жандарына арнаған ерекше сыйлықтарын көпшілікпен бөлісті.
Видеоның басында спортшы ең әуелі анасын қуантты – ол кішкентай қорапшаны анасының алақанына ұстатып, жүрекжарды сый тарту етті. Сол сәттегі ананың көзіндегі қуаныш пен ризашылық ерекше әсерге бөледі. Анасы толқып, ұлының қолын сүйіп, ақ батасын берді.
Одан кейін Елдос дәл осындай сыйды әкесіне табыстады. Әке мен ұлдың арасындағы ілтипат пен мейірім көрінісі көрерменнің көңілін толқытпай қоймады.
Соңғы сыйлық спортшының сүйікті жарына арналды. Әйелі де бұл тосын сыйға риясыз қуанып, отбасы мүшелері шаттық пен ризашылыққа бөленді.
«Ассалаумағалейкум, қадірлі қазақ елі! Ата-анамыздан қарғыс емес, алғыс алатын күндеріміз көп болсын. Ата-ананың қадірін ұғатын өнегелі ұрпағымыз көбейсін!» – деп жазды Елдос Сметов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Белгілі болғандай, спортшының сыйлығы – заманауи iPhone 17 Pro Max смартфоны екен. Бұл ізгі қадам көрермендердің жүрегінен орын алып, көпшілік Елдостың отбасындағы жылулық пен сыйластыққа сүйсініс білдірді.