Beksports спорт порталы
Басты ақпаратЖаңалықтарКүрес

Ресми: Қазақстан тағы бір спорт түрінен әлем чемпионатын қабылдайтын болды

Қазақстандық таеквондо (WT) федерациясы

Қазақстанда тұңғыш рет таеквондодан (WT) Әлем чемпионаты өтеді. Бұл туралы шешім бүгін Уси қаласында Дүниежүзілік таеквондо (WT) федерациясының Әлем чемпионаты аясындағы жиынында ресми хабарланды.

Осыған дейін Қазақстан 2027 жылғы Әлем чемпионатын өткізуге үміткер елдердің қатарына қосылған болатын. Бүгінгі жиын барысында Дүниежүзілік таеквондо федерациясы мен оған мүше елдердің өкілдері Қазақстанның кандидатурасын бірауыздан қолдады.

«Қазақстанды таеквондодан Әлем чемпионатын қабылдауға қауқарлы елміз деп санаймын. Біз кез келген жарысты жоғары дәрежеде, әлемдік талаптарға сай қабылдай алатынымызды Астанада өткен «Kazakhstan Open» жарысында дәлелдедік деп ойлаймын. Тамыз айында өткен халықаралық жарысымызға 700-ден астам спортшы қатысты. Одан бөлек,  Дүниежүзілік таеквондо федерациясының президенті доктор Чунгвон Чоу мырзадан бастап, жарысымызға қонақ болған барлық өкіл жоғары бағалады. 2028 жылғы Лос-Анджелесте өтетін Жазғы Олимпиада ойындары алдындағы шешуші әрі жауапкершілігі мол Әлем чемпионатын елімізде өткізу біз үшін үлкен мәртебе. Еліміздің атын дүниежүзілік таеквондо картасында белгілейтінімізге қуаныштымыз! Барша Қазақ елін осындай сүйінші жаңалықпен құттықтаймын. Бұл біздің жұмыла атқарған жұмысымыздың жемісінің бірі», — деді Қазақстандық таеквондо (WT) федерациясының президенті Кудрәт Шамиев.

Осылайша, Қазақстан Орта Азияда таеквондодан (WT) Әлем чемпионатын қабылдайтын алғашқы ел болып тіркелді. Федерация 2027 жылғы Әлем чемпионатын Астана қаласында өткізуді жоспарлауда.

Айта кетерлігі, қазіргі таңда Уси қаласына әлемнің 179 елінен 991 таеквондошысы 2025 жылғы Әлем чемпионатына қатысуға жиналды. 24-30 қазан аралығында өтетін әлем біріншілігінде ел намысын 16 таеквондошы қорғады.

Ұқсас жаңалықтар

Нұрқожа Қайпанов еркін күрестен үш дүркін Азия чемпионы атанды

Redaktor

«Ұлттық құраманың ерке баласы»: Нұрбек Оралбай Қазақстан чемпионатына қатыспайды

Redaktor

Бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстанның бір боксшысы жеңілді

Redaktor

Пікір жазу